Атырау, 29 наурыз 14:04
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырауда қанішерлер өз құрбанын тірілей көмді

Бейнежазба
11 924 просмотра


Атырау сотында ҚР ҚК 99-бабы 7-бөлімі, 5-тармағы («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы аса қатыгездiкпен жасалған адам өлтіру») бойынша айыпталған  Ирина Хочунаева, Ринат Дүйсалиев, Никита Стеблюк, Герасим Еганян және  Даниил Балашовқа қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды. Олар адамды тірілей көмген – мұндай оқиға жергілікті қылмыс тарихында бұрын болып көрмеген.

ЖЕЛІДЕГІ СӘТСІЗ ТАНЫСТЫҚ

2017 жылдың тамызында Атырау қаласының тұрғыны И. Хочунаева «Вконтакте» әлеуметтік желісі арқылы  А. Бисенғалиевпен танысады. Кейін олар кездесіп, тіпті, бірге тұра бастайды. Алайда «жұбайлық» өмір үйлесе қоймайды. Олар үнемі  жанжалдасып қалады, содан Хочунаева қарым-қатынасын үзуді ойластырады. Алайда есірткіге тәуелді Бисенғалиев өзінің бұрынғы көңілдесінің заңсыз психотроптық дәрі-дәрмектер сатумен айналысатынын біліп, алдымен пышақпен қорқытып, оның жеке куәлігі мен ұялы телефонын тартып алады, ал кейін осы заттарды қайтару үшін «Трамадол» дәрісін тауып беруін талап ете бастайды. Хочунаева бұл проблеманы бір жолмен шешуді, яғни, оны өлтіруді ойластырады. Оған бұл істе сыбайластар керек болады, сондықтан Н. Стеблюк, Г. Еганян, Д. Балашов және Р. Дүйсалиевпен сөз байласады.

ҮЙІМЕ ДЕЙІН ШЫҒАРЫП САЛ

2019 жылғы 8 сәуірде Хочунаева құрбысына қоңырау шалып, оның жұбайы Р. Дүйсалиевтің өзін Балықшыдан Әуезов даңғылындағы үйіне дейін шығарып салуын өтінеді. Ол өзінің бұрынғы жігітінің мазалап жүргенін айтады. Жол бойында ол жігіті Бисенғалиевті өлтіруді ойластырып жүрген жоспарымен бөліседі, ал жігіт бұған еш қарсылық білдірмейді.

Сол күні Бисенғалиев Хочунаеваға тағы да қоңырау шалып, куәлігі мен телефонын трамадолға ауыстыруға келетінін айтады. Ол сол бойда Дүйсалиевке телефон соғады, ол да сол үйге жетеді.

БӘРІ ЖИНАЛДЫ

Түн ортасында Бисенғалиев Хочунаеваның пәтерінің есігін қағады, ол есікті ашқан кезде Бисенғалиевқа Дүйсеналиев бас салып, ұра бастайды. Сол уақыт ішінде Хочунаева өз таныстары Стеблюк, Еганян және Балашовқа қоңырау шалып, көмекке шақырады. Бірінші болып Стеблюк келеді. Ол келе Бисенғалиевті байлайтын нәрсе іздей бастайды, оған Хочунаева ток ұзартқышты пайдалануға кеңес береді. Ал кейін  Еганян мен  Балашов та жетеді. Сыбайластар өздерінің одан кейінгі әрекеттерін ойластыра бастайды. Бисенғалиевті қала сыртына алып шығып, тірілей көміп тастаймыз деген шешімге келеді. Олардың қасында қол-аяғы байлаулы жатқан ол бұл әңгіменің бәрін естиді.

ҚАЛА СЫРТЫНА САПАР

Хочунаева өз көлігінің кілтін машинаны үйге алып келу үшін Балашов пен Стеблюкке береді. Олар келгенше Хочунаева балконнан екі күрек алып, жүк салғышқа салу үшін оны Еганянға береді. Ал пәтер иесі Балашов пен  Дүйсалиев Бисенғалиевті  пәтерден алып шығар алдында бейнежазба камерасы мен жарықты өшіру үшін подъездегі ажыратқышты өшіріп тастайды. Өзі үйде қалады. Олар Бисенғалиевті көліктің артқы орындығына отырғызады.

Талғайран саяжай ауданына келген төрт жендет тереңдігі бір жарым метр болатын шұңқыр қазады.Содан кейін Дүйсалиев байлаулы Бисенғалиевті босатып, болашақ моласына алып келеді. Қылмыскерлер оны тағы да ұрып, шұңқырға итеріп жібереді. Олар шарасыз құрбандарын тірілей көміп тастайды, кейін топырақты нығыздап, бетіне тұрмыстық қалдықтарды төгеді.

Барлық қатысушылар кейін Хочунаеваның пәтеріне оралып, болған жайтты баяндайды. Бұған қанағаттанған Хочунаева оларға сый-сияпат ретінде «Трамадол» таблеткасы мен «Тропикамид» тамшысын береді.

ТАБЫЛҒАН ӨЛІК

Келесі күні қала маңындағы Бесікті мен Талғайран ауылдарының арасында Жайық өзеніне жақын жерден зорлықпен өлтірілген ер адамның мүрдесі қазып алынды. Полиция департаменті мен ҰҚКД қызметкерлері бірлесе отырып, қылмысты сол күні-ақ ашты.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, А.Бейсенғалиевтің өлімі бір тәуліктен астам уақыт бұрын механикалық асфиксия нәтижесінде тыныс алу жолдарының бітелуі салдарынан болғаны анықталды.

…Барлық сотталушылар 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Анастасия АЛЮШИНА

28 қаңтар 2020, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.