– Ажырасқаннан кейін бұрынғы жұбайым екі баланы алып, селода тұратын өз анасының қолына кетті. Ол жерде ешқандай жағдай жоқ. Оның үстіне ол маған балаларыммен кездесуге және демалыс күндері алып кетуіме рұқсат бермей отыр. Оның өзі еш жерде жұмыс жасамайды, тіркелген тұрақты мекен-жайы да жоқ. Мұндай жағдайда әкесі балаларға деген өз құқығын талап ете ала ма?
У.М.
Сауалға Атырау облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Балғаным ФАЙЗУЛЛИНА жауап береді:
– Әкесінің де аналары секілді құқы бар. Бұл туралы неке және отбасы заңында нақты айтылған. Балалардың әкесі балаларын көріп қана қоймай, олардың тәрбиесіне араласуға және қамтамасыз етуге құқылы.
Ата-аналары екі жақта тұрған жайдайда бұрынғы ерлі-зайыптылардың балаларға қатысты мәселелерде қандай да бір дау-дамайлары туған кезде өзара келісім жасағандары жөн. Бұл құжатқа бәрін жазуға болады – кездесу уақыты мен орнын, кәмелетке толмаған балаларды қаржылық жағынан қамтамасыз ету және басқа да мәселелер көрсетіледі. Келісім үш дана жасалып, нотариуспен куәландырылады.
Бұл жағдайда егер бұрынғы ерлі-зайыптылар бейбіт жолмен келісімге келуге қол жеткізбесе және бұл егер балалармен кездесу уақыты мен орнын белгілеу туралы мәселе болса, онда құқығына шек қойылған ата-ананың бірі азаматтық сотқа талап арыз бере алады. Егер ата-ананың бірі балалардың тұрған жерін өзгерткісі келсе, онда оған тиісті құжаттармен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына шағымдануына болады.