Атырау, 27 ақпан 07:07
Таңертең ашық+4, күндіз +7
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 378.36  € 411.92  P 5.76

«Қоғамдық орындарға баруды қойдым, демпердемен жүремін»

24 қаңтар 16:28


Өткен жылдың желтоқсанында Қытайдың Ухань қаласында коронавирустың белгісіз түрінің пайда болуынан пневмония тарай бастады. Вирус жұқтырғандар саны 830 адамман асты, қайтыс болғандар саны 26. Ауру Қытай шекарасынан тыс жерлерде де пайда болды. Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Вьетнам, Сингапур мен Таиландта да дерт жұқтырған адамдар тіркелген. Санитарлық бақылау Атырау халықаралық әуежайында да күшейді. «АЖ» ҚХР оқитын атыраулық студенттермен әңгімелесті.

Алтынай Балтабаева, Нанкин ғылым және технология университетінің магистранты:

- Жағдай дабыл қағарлықтай. Көпшілігі Уханьдағы студенттермен қарым-қатынастан бас тартып жатыр. Тіпті, сол жақтағы туысқандарымен хабарласуды қойған қытайлықтар да бар. Қоғамдық көліктерде тепловизорлар жұмыс істеп тұр. Егер адамның температурасы жоғары болса, оны бірден оқшаулайды. Менің өзім қоғамдық орындарға баруды доғардым, демпердені шешпестен жүрмін. Қытайлықтар құс тұмауын да, доңыз тұмауын да бастарынан өткерді, енді алда барлығы да қалыпқа келеді деп сенемін.  

Фархат ТЕМУРОВ, Тяньцзинь политехникалық университетінің студенті:

- Мында бізде бәрі демпердемен жүр. Ухань жабық. Менің білуімше, онда Қазақстаннан біраз студенттер бар. Үйге қайту туралы ойланбаппын. Бәрі де орнына келеді деп ойлаймын.

Нанкин ғылым және технология университетінің магистранты Күмісай ЛОТ қазір Атырауда каникулда. Кейін ол магистратурадағы оқуын жалғастыру үшін Қытайға оралуы керек.  

- Мен әлеуметтік желідегі қытайлық достарымның жазбаларын қарап, ондағы жағдайдың қиын екенін көріп отырмын, - дейді  Күмісай. - Дәл қазіргі уақытта Ухань толығымен оқшауландырылған, сондықтан да барлық студенттер, оның ішінде менің достарым да сол қалада. Нанкинде барлығына гигиенаны сақтап, демперде киіп жүру ескертілді. Жақында ғана маған университет каникулдан соң өздерінен хабар болмайынша кері қайтпауды ескертті.

- Сенің қазақстандық достарың үйлеріне қайтқылары келмей ме?

- Нақты ештеңе айта алмаймын. Бұл қымбатқа түсер еді. Қазір Нанкиннен Атырауға Бейжің және Алматы арқылы билет құны 200 мыңнан жоғары. Менің сабағым 17 ақпанда басталады. Әзірге Нанкинге кері бару керек пе, жоқ па, шешкенім жоқ, әлі уақыт бар ғой. Сол уақыт ішінде жағдай реттелер деп үміттенемін.  

АТЫРАУДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Халықаралық әуежайда санитарлық бақылау күшейтілген.

- Шетелден ұшып келген барлық жолаушылар арнаулы құрал – тепловизорға түсіп тексеріледі. Бұл құрал адамның жоғары қызуын анықтайды, - деп хабарлады облыстық көліктегі жұмыс пен қызмет сапасын бақылау департаментінің бас маманы Айнагүл ОРЫНБАСАРОВА.

«Атырау» халықаралық әуежайында апта сайын сегіз халықаралық рейс, атап айтқанда, Амстердамнан төрт, Ыстамбұлдан екі, Франкфурт-на-Майнеден екі рейс келеді.

Жыл басынан бері мұнда 32 халықаралық рейс орындалып, 2790 жолаушы, сонымен бірге 261 экипаж мүшесі – ұшқыштар мен жолсеріктер келген.

«Біздің міндетіміз – біздің аймаққа жаңа коронавируспен немесе басқа да инфекциямен ауыратын адамдардың келуін тексеру. Қытайдағы жағдай орныққанша, жолаушыларды тексеруді  тоқтатпаймыз», - дейді ол.

Әзірге халықаралық рейстерде температурасы көтерілген азаматтар тіркелген жоқ.

Фархат ӘБІЛОВ

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

Есть, чем поделиться по теме этой статьи? Расскажите нам. Присылайте ваши новости и видео на наш WhatsApp +7 707 37 300 37 и на editors@azh.kz

 

873 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Басты бет

Наш WhatsApp номер для новостей:
1 2 3