The Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, Иран ядролық бағдарламасы бойынша ресми кездесуді ақпанның ортасында өткізу жоспарланған.
Егер Иран келісімдегі ережелерді сақтаса, Еуропа санкцияларынан құтыла алады. Ресей, Иран, ҚХР, Ұлыбритания, Франция және Германия дипломаттары ядролық келісімді алдын ала талқылау үшін кездеседі. Аталған мемлекеттердің сыртқы істер министрлері келіссөздерді 15 күндей жүргізбек. Jcs htnnt Еуропа елдері Иран ядролық келісімнен толықтай бас тартпауы тиіс дейді. 14 Қаңтарда Германия, Франция және Ұлыбритания СІМ басшылары Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірқатар мәміле жүргізген. АҚШ ядролық келісімнен шыққан соң, Еуропа елдері мен Иран арасында бірқатар мәселелер орын алған. Олардың қатарында Ормуз бұғазында британиялық кеменің ұсталуы және Ұлыбританияның Иранға қарсы санкциялар пакетін енгізуі бар.
Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон Иранға қарсы санкциялық қысымды азайтуды немесе Ислам Республикасы халқының жақсы өмір сүруіне мүмкіндік беретін жолдарды қарастыруды ұсынған. Алайда, ол үшін Иран ядролық келісім шарттарын толықтай орындауы қажет. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) сарапшылары Иранның 2015 жылдан бері алғаш рет белгіленген межеден артық уран қорын байыта бастағанын хабарлады.
ВВС мәліметінше, Еуроодақ елдері Иранның аз байытылған уран қорларының 300 килограмдық шегінен асып кетпеуін қадағалау жөнінде келіскен. Себебі, аталған меже БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүше елдері, Германия және Иран арасындағы келісімде қарастырылған. Еуропалық дипломаттар осы мәселеге қатысты: «Иран келісімді сақтаған жағдайда біз де келісімге сай әрекет ететін боламыз. Біздің тарап шарт талаптарын бұзған емес, болашақта да солай болмақ. Бірақ, Иран да келісімді қатаң сақтауға міндетті», – деген.
Дереккөз: Qazaqtimes.com