Атырау, 23 қараша 13:29
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Тойота» жүргізушісіне үкім шықты

Сурет Бейнежазба
4 570 просмотра


Бүгін, 22 қаңтарда Атырау қалалық №2 сотында өткен жылы 21 қыркүйекте Баймұханов көшесінде жасөспірім баланы қағып өлтірген "Toyota Camry-50" көлігінің 22 жастағы жүргізушісіне қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды. Сот отырысының қорытындысы толығымен «АЖ» материалында.

Таңертеңгі сағат 10-да тараптардың жарыссөзі басталды. Алдымен прокурор Гүлфайруз ҚҰСАЙЫНОВА сөйледі:

- Айыпталушы  Данияр Сатиев өзінің кінәсін толығымен мойындады. Ол бұл кіші інісіне тиесілі автокөлікті сақтандыру полисі негізінде жүргізгенін растады. Ол Нұрсая ықшамауданынан шығып, Әлиев көшесімен жүрген, кейін Өтемісов көшесіне түскен. Сол сәтте ол қатты жылдамдықпен келе жатқан қара-көк түсті «Мерседес» көлігін көреді. Ол сол  көлікпен жарыспақшы болады. Баймұханов көшесіндегі «Люстра» дүкенінің маңынан жаяу жүргінші жүгіріп шығып, ол оны қағып өтеді. Жаяу жүргінші оқиға орнында есін жимастан қайтыс болды. Сотталушы болған іске өкінді, алайда ол машинаның жылдамдығын арттырудың қауіпті екендігін  біле тұра, сағатына 145 шақырым жылдамдықпен жүрген. Бұл сараптама барысында да анықталды. Сотқа дейінгі орган сотталушының әрекетін дұрыс белгіледі.



«АЖ» бұдан сәл бұрын мемлекеттік айыптаушы Гүлфайруз Құсайынованың Сатиев үшін бес  жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрағанын хабарлады.

Қаза болған жасөспірім Нұртанның әкесі: Мен прокурормен толық келісемін. Ол өкінішін білдірді.

Жәбірленуші тараптың өкілі Әсел НҰРҒАЗИЕВА: Мен де прокурордың дәлелдерімен келісемін және ҚР ҚК 345 бабының 3-тармағына сәйкес жаза тағайындауды сұраймын. Жәбірленуші тарап сотталушыны кешірді. Сондай-ақ, біз бірнеше рет полиция департаментіне, прокуратураға «Мерседес» жүргізушісін де қылмысқа сыбайлас ретінде қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәлімдеме жасадық. Егер оның құқыққа қарсы әрекеті болмағанда бұл қайғылы оқиға орын алмаған болар еді. 

Сотталушының адвокаты: Менің қорғалушым жаяу жүргіншіні көрмегенін айтты. Ол өз кінәсін бірден мойындады. 21 қыркүйектен бастап менің қорғалушым Сатиев қамауда отыр. Бала қайтыс болды, енді оны қайтару мүмкін емес. Алайда қайғылы оқиға орын алған сәттен бастап Сатиевтің ата-анасы Нұртанның ата-анасының қасында демеу болып жүр. Қазіргі уақытта Нұртанның ата-анасы оған кешірім берді. Соттан Сатиевтің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын және оның жақсы жағынан көрініп жүргенін назарға алуын сұраймын.

Қазіргі уақытта моральдық және материалдық шығындар өтелді. Осыған байланысты бас бостандығынан айыру жазасымен байланысты емес жаза тағайындауды сұраймын.

Сотталушының анасы: Мен қайтыс болған баланың ата-анасы мен туысқандарынан баламның жасаған ісі үшін кешірім сұраймын. Ол мұны жастығы мен абайсыздығынан жасады. Мен мұның орны толмас қайғы екенін жақсы түсінемін және бұған біз жауаптымыз. Өмірде кез келген адам қателік жасайды. Қайғы орын алғалы мен қаза болған баланың отбасына қолдау танытуға тырыстым. Соттан бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауын сұраймын. 

- Сіз сотталушыға кешірім бересіз бе? – деп сұрады төрағалық етуші судья Жұмағали ТАШИМОВ Нұртанның әкесінен.

-  Мен кешірдім, бірақ ол өз жазасын алуы керек, - деп жауап берді әкесі.

Сотталушының соңғы сөзінен:

- Мен мұны әдейі жасағаным жоқ, болған іске өкінемін. Бұл жастығым мен ақымақтығымнан болды. Егер мен оны көрген болсам, қалай болғанда тоқтауға тырысар едім. Соттан рақымшылық танытып, бас бостандығымнан айырмайтындай жаза тағайындауды сұраймын.

Сот ақылдасуға бөлмесіне шығып, артынша үкім жарияланды: ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде (қоныс колониясы) 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот мәжілісінің соңында Нұртанның анасы тағы да «Мерседес» жүргізушісінің де жазаға тартылуы тиіс екенін мәлімдеді.


Фархат ӘБІЛОВ

Бейнежазбаны түсірген автор

22 қаңтар 2020, 13:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.