Палестина әкімшілігінің басшысы Махмуд Аббастың тікелей рұқсат етуімен Рамаллада бұрынғы ел көсемі Ясир Арафаттың сүйегін эксгумациялауға дайындық басталған болатын. Бүгін мамандар Иордан өзенінің батыс жағалауындағы кесенеге жерленген көсемнің бейітін ашуға кірісті.
«Бүгін кесененің бетон мен тастарын бұзуға кірістік. Жалпы жұмыс жарты айға созылады деп отырмыз», – дейді мамандар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Осы мақсатта зиярат етушілерге кесенені біршама уақытқа жапты.
Ясир Арафаттың сүйегін қазып алуға көсемнің жұбайы Сухи Арафат өтініш берген болатын. Ол жарының өз ажалымен дүниеден озғанына сенбейді. Бұл ақиқатты Al Jazeera телеарнасының шақыруымен арнайы келген швейцариялық мамандар анықтайтын болады.
Сарапшылардың айтуынша, марқұмның заттарынан полония-210 деп аталатын радиоактивті элемент табылған болатын. Телеарна тілшілерінің пікірі бойынша Ясир Арафат осы радиоактивті заттан уланып өлуі мүмкін. Былайғы жұрт Ясир Арафатты миына қан құйылып өлді деп келген болатын.
Дереккөз: muslim.kz