Авангардта жылу құбырына жаңа туған шақалақты тастап кеткен 21 жастағы оралдық бойжеткеннің облыстық перинатальдық орталыққа жатқызылғаны «АЖ»-ға белгілі болды. Ал баланың жағдайы жақсарып келеді.
– Босанғаннан кейін әйелдің ағзалары қалпына келуі керек, сондықтан да ол дәрігерлердің бақылауында жағдайы түзелгенге дейін болуы тиіс. Оның баланы ауруханада босанбағаны, дәрігерлердің бақылауында болмағаны белгілі. Сондықтан да ол перинатальдық орталыққа жатқызылды, - деп хабарлады «АЖ»-ға денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. – Жалпы алғанда оның денсаулығы қалыпты жағдайда, босанғаннан кейінгі қандай ма бір қауіпті асқынулар жоқ.
Тағы бір белгілі болған жайт, қыз ешкімнің көмегінсіз өзі босанған. Қазір тергеу шаралары жалғасып жатыр. Тергеуге алынған бойжеткеннен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.
Фархат ӘБІЛОВ