Парламент сессиясында ел премьер-министрі Синдзо Абэ Жапония үкіметі Ресеймен біраз уақытқа созылған даулы мәселені шешіп, Курил аралдарын заңды түрде қайтаруға күш салатынын айтты.
Абэ сөзінде: «1956 жылы қол қойылған ортақ декларация бойынша әрекет етіп, арал мәселесін реттейміз. Осы мақсатта Жапония өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай келеді. Жақын арада Ресей президенті Владимир Путинмен келісімге келіп, ынтымақтастық шартына қол қоямыз деген ой бар», – деді. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен Ресей президенті Владимир Путин осы мәселені реттеу үшін 2012 жылдан бері бірнеше мәрте кездесу өткізген. Бірақ кездесулердің ешқайсысы оң нәтиже берген жоқ. Негізінен екі ел арасындағы «арал дауының» хронологиясы ертеден басталады.
«Үлкен жетілік» елдерінің ішінде Қырым аннексиясынан кейін Путинмен кездесу ұйымдастырған екінші мемлекет болса да, Жапония мен Ресей арасындағы ынтымақтастық келісімге 70 жылдан бері қол қойылмай келеді. 1855 жылы 7 ақпанда тараптар Итуруп және Уруп аралдарының шекарасын анықтау үшін бірініші жапон-орыс келісімшартына (Симод трактаты) қол қойған.
Сол уақыттан бері Итуруп, Кунашир, Шикотан және Кабомаи аралдары Жапонияға тиесілі. 1956 жылы қабылданған бейбітшілік келісімшартына сәйкес КСРО Кунашир мен Итуруп аралдарын Жапонияға қайтаруы тиіс еді. Алайда екінші дүниежүзілік соғыс қорытындысы бойынша КСРО бүкіл Курил архипелагын өз құрамына қосты.
Дереккөз: Qazaqtimes.com