Атырау, 26 қараша 16:43
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

​Британия: Ресей бұзақылық әрекетін тоқтатпай, екі ел қатынасы қалпына келмейді

2 500 просмотра


Берлинде өткен Ливия ісі жөніндегі саммит кезінде Британия бас уәзірі (премьер-министрі) Борис Жонсон мен Ресей президенті Владимир Путин екі жақты кездесу өткізді. 

Бұл Жонсонның Британия үкіметіне басшы болғаннан бері Ресей лидерімен алғаш рет кездесуі. Екі ел басшысының кездесуі туралы BBC таратқан хабарға қарағанда, кездесу кезінде Жонсон «британиялық биліктің Солсбери туралы ұстанымы әлі де өзгермегенін, бұл тыйым салынған химиялық қаруды заңсыз пайдалану деп білетінін, сондай-ақ, одан британдық жазықсыз азаматтар зардап шекті деген ұстанымда екенін» жеткізген. Борис Жонсонның баспасөз қызметі таратқан ресми мәліметте: «Премьер-министрі Ресей Британия мен біздің одақтастарға қорқыныш тудырған және азаматтардың қауіпсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндірген бұзақылық әрекеттерін тоқтатпайынша екі елдің мәмілесі қалпына келмейтінін жеткізді», – делінген. Ал, Ресей президентінің ресми сайтында Британ бас уәзірімен кездесу туралы қысқаша ғана мәлімет бар. Онда «екіжақты кездесуде қос тараптың мәмілелері, халықаралық мәселелер және Ливия тақырыбында талқы болғаны» айтылады. 

Естеріңізде болса, бұдан екі жыл бұрын Британия жерінде бұрынғы Ресей тыңшысы Сергей Скрипал мен оның қызы белгісіз заттан уланған, бұл іс бойынша Лондон билігі Мәскеуді айыптап, Ресейдің 23 дипломатын елінен қуып еді. Ағылшын аралындағы орыс елшілігі таратқан мәліметте димломаттар және олардың отбасы мүшелері болып сол реткі айыптаудан кейін 80-ге жуық ресейлік Британиядан шығып кеткен екен. Оқиғадан бір апта өткеннен кейін сол кезде ағылшын бас уәзірі Тереза Мэй Скрипалдың ресейлік әскери зертханадан шыққан улы заттан уланған деген қорытынды жариялады. Сонымен бірге, бұл қол салудың артында Мәскеу тұрған болуы мүмкін деп ескертті. Кейін осы қастандық ісіне «Александр Петров» және «Руслан Боширов» деген атпен Британияға кірген екі ресейліктің қатысы бар және олар орыс шалғын қызметінің адамдары деп көрсетті. 

Өз кезегінде Мәскеу Лондонның айыптауын жоққа шығарған болатын. Соған қарамастан ағылшын парламенті айыптауға толық дәлеліміз бар дескен. Міне осы оқиғадан кейін Ресей мен Британия арасында кірбеңдік түсіп, екі ел қатынасы әлі де салқын күйін сақтап келе жатыр.

Дереккөз: Qazaqtimes.com


20 қаңтар 2020, 15:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.