Бүгін, 19 қаңтарда Атыраудағы «Аламан» базарының алдындағы алаңға 200-ден аса шетелдік номерлі автокөліктердің (көбі армяндық) жүргізушілері жиналды. Олар биліктен әкелген көліктерін тіркеу, кедендік рәсімдер және утилизациялық алым сомаларын төмендетуді талап етті.
Билік базар маңына арнайы автобус қойып, Атырау облысының ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының м.а. Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВ пен ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан БИСЕМБИЕВ жиналғандарға тіркеу ережелерін түсіндірді.
- Халықтан әкелген көліктеріне алым төле деп талап етеді, алайда бұл үлкен соманы төлеу мүмкін емес. Біз өзара бір келісімге келуіміз керек, өйткені бұл ең алдымен таксилер қызметі бағасын өсіреді, - дейді Атырау тұрғыны Сәуірбек ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ. - Мен қараша айында Армениядан 7000 долларға көлік әкелдім. Енді мен Қазақстанға осындай ақша төлеуім керек, ал бұл нарық бағасынан жоғары. Менің ондай мүмкіндігім жоқ. Билік пен құқыққорғау органдары заңға сілтейді. Әзірге бізге қатысты еш әрекет жасап жатқан жоқ, бірақ халықты тыныштандырып, біртіндеп заңды мерзімі өткендердің көлігін тартып алғысы келеді. Есептеп көріңіздер, елде 200 мыңға жуық шетелдік номерлі көлік бар, алымдар бағасын 100 мыңға төмендетсе, 20 миллиард теңге ақша түсер еді. Бұл үлкен сома, бұған Астрахан жолын жөндеуге болады.
Тағы бір армян көлігінің иесі Ерлан ТІЛЕШЕВ мәселені халықтың пайдасына шешуді талап етті.
- Жағдайымыз жақсы болғандықтан армян көлігін сатып алып жатқан жоқпыз. Менің артық ақшам жоқ. Мен отбасымды, төрт баламды асырау үшін такси болып жүрмін.
Билік өкілдерінің де пікірін сұрадық.
- Біз жиналғандардың талаптарын тыңдадық, енді арыздарын қағазға түсіріп алып жатырмыз. Көлік иелерінің барлық шағымдары мен ұсыныстарын бүгін үкімет пен парламентке жеткіземіз. Қазір ереже бұзғандар болмаса, ешқандай шектеулер салынып жатқан жоқ. Заңға сәйкес, 15 күн ішінде жауап береміз,- деді Жасұлан Бисембиев.
- Барлық талаптарыңызды тіркеп алдық, енді мұны талқылайтын боламыз. Жүргізушілер бағаны төмендетсін дейді, біз мұны білеміз, алға қарай нәтижелер жарияланатын болады, - Мырзалы Өтеғалиев.
Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі елде бір жылдан аса уақыт жүрген армяндық және қырғыз номерлі автокөліктер шығарылатынын мәлімдеп, Қазақстанда тіркеу қажеттігін айтқан болатын. Бұл қоғам мен автокөлік иелері арасында үлкен шуға айналды. Қазақстанның бірқатар қалаларында қырғыз және армян көліктерінің иелері митингілер өткізді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор