Кеше Атырауда көптен күткен қар толассыз жауды. Орталық көпірдің жабылуы қандай ма бір қолайсыздық тудырғанымен ол қыстың қызығын сағынып қалған қалалықтар үшін керемет бір сый болды. Шынымды айтсам, мен үш жыл бойына жұмысқа осы көпірмен күнде таңертең және кешке үйге қайтқан кездерімде дәл бүгінгідей көп адамды көрмеген екем. Адамдар болса өте қуанышты, мәз-мейрам, суретке түсіп, тіпті кейбірі билеп те жүр!
Айтпақшы, бұл күнді пайдаланып қалуды ойлаған пысық келіндер кілемді қарға жайып үлгерген. Менің де анамның қыста кілемді далаға шығаратын сәті есіме түсті және сол салқын қардың иісін ешқашан ұмытқан емеспін.
Ал қала көшелерін тазалауға күрегі мен сыпырғысы бар 8 трактор, 9 самосвал, топырақ төгетін 3 Камаз және 3 тиегіш шыққан.
"Арнаулыавтобаза" баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаяу жүргіншілер жолын 337 жұмысшы тазартып жатыр екен. Арнаулы техника екі маршрут бойынша жұмыс істеуде. Бірінші: Тайманов - Сәтпаев - Әбілхайырхан - Владимирский - Әлиев - Амандосов - Абай - Азаттық - Махамбет - Доссор трассасы. Екінші маршрут: Құрманғазы - Әуезов - Датов - Алмагүл - Баймұқанов.
Жолдар қардан тазаланып болған соң, оларды инертті материалдармен өңдеу басталады. Сіздерге айтарым, әзірге қар еріп кетпей тұрғанда, қыстың керемет қызығын өткізіп алмаңыз!
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынды