Атырауда жылу желісінің маңына қалдырып кеткен жаңа туған нәрестенің анасы ұсталды. Ол 21 жастағы Орал қаласының тұрғыны. Қазіргі мәлімет бойынша, ол жүктілігін жасыру үшін Атырауға арнайы келген.
- Күдіктіні бейнебақылау камераға түскен бейнежазбалар арқылы тапқан. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 119-бабының 1-бөлігі ("Қауіпті жағдайда қалдыру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, - деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.
Бұл бап 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 45 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді.
Баланың ендігі тағдырын кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сот шешетін болады. Бала тапқандікі емес, баққандікі дегендей, қызды сәбилер үйіне орналастыруы мүмкін.
Фархат ӘБІЛОВ