Өткен жылдың наурыз айында Табиғи монополияларды реттеу департаменті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атырау филиалына қолданыстағы газ құбырына жалғау үшін тұтынушылардан қосымша төлем алуды тоқтатуға ұйғарым берді. Одан кейін газшілер мен монополияға қарсы қызмет мамандары арасында бір жылға созылған сот процесі өтті. Міне, жақында сол іс түпкілікті аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, газшілер экономикалық сотта ұйғарымға наразылық білдіріп, істі жеңіп шықты. Алайда монополияға қарсы қызмет мамандары мен оларды қолдаған прокуратура облыстық сот алқасына шағым беріп, мұнда «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалы ұтылды. Бұл қыркүйек айының соңында болды. Енді тек ең жоғарғы инстанцияға жүгіну қалған-ды. Газ мамандары Жоғарғы сотқа аппеляциялық шағыммен жүгіну мүмкіндігін пайдалануды ұйғарды. Департамент басшысы Нұрлан ТАУБАЕВ хабарлағандай, Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысымен облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысы өзгеріссіз қалдырылды. Яғни, газ желілеріне қосылғаны үшін ақша алынбайды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ