Грекия үкіметі ағымдағы апта төлемдері бойынша дефолтты болдырмау үшін жедел тәртіпте 5 млрд еуро іздеуде. Бұл жөнінде бүгін Еуроодақтың іскерлік ортасы мәлімдеді, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Төтенше жағдай Еуропалық орталық банк өз активтеріндегі грек облигацияларының шекті деңгейін 17 млрд.-тан 12 млрд-қа дейін қысқарту шешімін қабылдауына байланысты қалыптасып отыр.
Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, Грекия үкіметі таяудағы сейсенбіде, 13 қарашада қажетті қаражатты алу үшін 5 млрд еуро сомасына облигациялар эмиссиясын жүргізеді. Алайда, бүгін Financial times газетінің жазуынша, әзірге оларға сұраныс 3,5 млрд еуроға бағаланып отыр.
Нәтижесінде Афины ағымдағы аптада өзінің борышкерлік міндеттерін өтеуге қажетті 5 млрд еуроны алмауы мүмкін.
«Жағдай аса күрделі, бірақ Еуроодақтағы ешбір ел Грекияның өзінің қарыздары бойынша тіпті, жарым-жартылай дефолт жариялауына мүдделі емес», - деп мәлімдеді лондондық Ситидің қызметкері.
Қазір Грекия Еуроодақ пен Халықаралық валюта қорының екінші тұрақтандыру бағдарламасы бойынша аударылатын 31,5 млрд. евро көлеміндегі кезекті траншты күтуде. Бұл қаржыны аудару еуроаймақ ішіндегі Афинаның халықаралық несиегерлер алдындағы өз мойнына алған міндеттемелерін қаншалықты дәл орындап отырғандығы туралы пікірталастарға байланысты кешіктірілуде.
Дереккөз: bnews.kz