Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТҰМҰРАТҰЛЫ өз лауазымынан кетерден бірер сағат бұрын «АЖ»-ның орталық көпірдің жағдайына қатысты сауалына телефон арқылы жауап берді.
- Көпірді неге жапты?
- Ақауды алдымен Атырау ЖЭО мамандары анықтады және олар облыс басшылығына, сондай-ақ, қалалық әкімдікке телефонограмма жолдады. Онда көпір астынан өтетін желілерді тексеру барысында сырғымалы тірегінің орнынан (екі күн ішінде 70 мм жеткен) ығысқандығы көрсетілген. Бұл АЖЭО желілерінің үзілуіне қауіп тудырды, сол себепті бізге және ТЖД-ға көлік қозғалысын тоқтатуға ұсыныс берілді. Осылайша, тұрғындардың қауіпсіздігі мен төтенше жағдай болдырмау мақсатында 10 қаңтардан бастап көпірде көлік қозғалысы тоқтатылды. Бастапқыда үш күнге жабылған еді, енді міне, бұл тыйым белгісіз уақытқа дейін ұзартылды. Тексеру үшін мамандар тартылды, солардың шығарған қорытындысы бойынша одан әрі қандай шаралар алынатындығы туралы шешім шығатын болады.
- Көпірге қатысты жағдайға жағалауда жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының әсері болды ма?
- Қазір құзырлы мамандар тексеру жүргізіп жатыр, кейін олар барлық сұрақтардың жауабын береді. Егер жағалау құрылысын жүргізуші мердігердің кінәсі дәлелденсе, ол тиісінше келтірілген шығынды өтейтін болады. Дегенмен, 2016 жылдың өзінде-ақ мамандардың тексеру барысында көпірдің тозғандығы туралы қорытындыға келгенін қаперге алу керек.
- Көпірді 3 айға жабады деген рас па?
- Қалай болғанда да мамандардың қорытындысын күтуіміз керек. Жабылуы да немесе көліктердің қозғалысына шектеу қойылуы да мүмкін. АЖЭО қызметкерлері өз салалары бойынша барлық ақауды жойды.
- Көпірдің бүлінуі қаншалықты қауіпті?
- Айтып өткендей, күрделі жөндеудің қажеттілігі осыдан үш жыл бұрын белгілі болды. 2017 жылы қала әкімдігі қаржыландыру туралы мәселе көтерді, 2018 жылы біз жобалау сметалық құжаттарын дайындауды бастадық. Өткен жылдың аяғында құжаттар мемлекеттік сараптамаға жіберілді, оның қорытындысы биыл келуі керек. Орын алған ақаулардың қаншалықты қауіпті екендігін мамандар анықтайды. Соңғы рет күрделі жөндеу осыдан 20 жыл бұрын болды, көпір тозып келеді.
- Қаржыландыру қалай болады, жөндеу жұмыстарын кім жүргізеді және қандай мерзімге?
- Мұның бәрі заңды тәртіп бойынша жүргізілетін болады, алдымен сарапшылардың қорытындысын күтуіміз керек.
- Рахмет.
Жазып алған Анастасия АЛЮШИНА