Атырауға қар жауысымен жергілікті желікпе жүргізушілер мұны атап өтіп, әлеуметтік желі үшін бейнежазба түсіруге асықты. Мысалы, интернетте әр түрлі маркалы бірнеше машинаның жақында ғана жылу желісі тіреулерінің бүлінуі салдарынан жабылған орталық көпірдің маңында дрифт жасағаны түсірілген бейнежазбасы пайда болды.
Армениялық нөмірі бар BMW 318i автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісі «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы маңында шыр көбелек айналып, дрифт жасаған. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 595-бабы (Жол жүрісі қағидаларының жүру, қайта ауыстыру, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау алдындағы сигнал беру талабын орындамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Өзін «Форсаж» фильмінің кейіпкеріндей сезінген тағы бір бозбала Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-дің көлік тұрағында қауіпті маневр жасап, 13 255 теңге айыппұл төлеуіне тура келді.
Жергілікті желікпелердің тағы бір «жарыс алаңы» - Атырау халықаралық әуежайының көлік қоятын орны. Шұғыл бұрылыс жасаудың әуесқойлары бұл жерге қысы-жазы келеді. Бұл жерде де бірнеше жүргізушілердің мойнына айыппұл ілінді.
- Жүргізушілер жол қозғалысының басқа қатысушыларының өміріне қауіп төндіріп, әр жерде осындай «сайыстар» ұйымдастырып отырады. Олардың барлығы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Фархат ӘБІЛОВ
Бейнежазба әлеуметтік желілерден алынды