Атырауда полиция мен құтқарушылар кешеден бері жоғалған 9 жастағы екі баланы іздестіріп жатыр.
Атырау облысының полиция департаменті хабарлағандай, қала маңындағы Құрсай ауылында тұратын Әлихан мен Жанболат 11 қаңтарда үйден кетіп, содан қайта оралмаған.
- Балалардың қайда жүргені әлі күнге белгісіз. Біздің қызметкерлер құтқарушылармен бірлесе отырып іздеу жұмыстарымен айналысуда, - деп хабарлады Атырау облысы полиция департаменті.
Полицейлер балаларды көргендер немесе олардың қайда екені туралы білетіндер болса, «102» кезекші пультіне хабарласуды сұрайды.
Атырау облысы ТЖ департаменті балалардың осал мұз үстінде ойнап, суға кетіп қалу қаупін жоққа шығармай отыр. Дәл қазіргі кезде оларды сүңгуірлер өзеннен іздестіріп жатыр.
"АЖ"-ға белгілі болғандай, жоғалған балалардың бірін Перетаска каналынан тапты. Кейін сол жерден екінші баланың да денесі табылды.
- Бүгін, сағат 16:34-те судан екінші баланың денесі табылды. Екі бала шанамен ойнап жүріп, осал мұз астына кеткен,- деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Естеріңізге салсақ, 4 қаңтарда қала сыртындағы Томарлы ауылы тұсында төрт бала Жайық өзені үстінде ойнап жүріп, ойылған мұз астына түскен еді. Біреуі суға кетіп, үшеуін құтқарып қалған.
Фархат ӘБІЛОВ