Атаулы әлеуметтік көмек балаларға арналған тағамдар және гигиеналық құралдары бар әлеуметтік пакетпен толықтырылды. Алайда АӘК алу шарты бұрынғыша 6-12 айға емес, тек бір тоқсанға ғана жасалады. Осы және басқа да әлеуметтік сала жаңалықтары туралы брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік ШАПКЕНОВ, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік ҚАМИДОЛЛА айтып берді.
Жаңа жылдан бастап көп балалы және аз қамтылған отбасылар, көп балалы отбасылар үшін мемлекеттік көмек, АӘК және кепілді әлеуметтік көмек пакеті сияқты қолдауларға ие болады. Мемлекеттік көмек: 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға - 53 125, 6 балаға – 63 750, 7 балаға – 73 375 теңге. Яғни, орташа алғанда әр балаға 10 625 теңгеден келеді. Көп балалы аналарды толғандыратын тағы бір сұрақ - «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлері ретінде және балалар үшін алатын екі жәрдемақыны қатар ала алады ма? Егер балалардың жасы 18-ге жетпесе немесе 18-ден асып, бірақ ЖОО мен кәсіптік білім беру мекемелерінің күндізгі бөлімінде оқыса, оларға екі жәрдемақы да төленеді.
АӘК-ті кірісі кедейлік шегінен төмен, орташа алғанда әрбір отбасы мүшесіне 10 050 теңгеден келсе ғана ала алады. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың балалары үшін ҚР Білім беру және денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша жасалды. Бұл мектепке дейінгі балалар үшін тұрақты көмек, барлық жастағы мектеп оқушылары үшін тегін ыстық тамақ, оларды оқу құралдары, мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық көмекті төлеу.
Бұл пакет екі бағытқа бөлінеді: 6 жасќа дейінгі және 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Мектепке дейінгі балалар үшін азық-түлік пакеті қарастырылған және оның өзі екі санатқа бөлінеді: 1 жастан 3 жасқа дейін және 3 жастан 6 жасқа дейін. Ең кішілерге арналған жиынтыққа ультрапастерленген сүт, балалар печеньесі, жүгері және ұнтақ жарма, балалар гипоаллергенді ботқасы, пюре, сұлы үлпегі. Бұл жастан үлкен балалардың жиынтығы бұған қарағанда көптеу. Оның құрамына макарондар, күнбағыс майы, гематоген, таңертеңгілік ас үшін сүт түйіршіктері, бал және тағы да басқа тағамдар. Серік Қамидолланың айтуынша, бұл жиынтықтар балалардағы дәрумендердің жетіспеушілігінің алдын алу үшін бөлінеді. Олар айға бір рет беріледі. Ал құрамына балалар кремі, крем-сабын, тіс пастасы, балалар сусабыны, тіс щеткасы және кір жуатын ұнтақ кіретін гигиеналық құралдары бар пакеттер тоқсанға бір рет беріледі. Біздің облысымызда осындай пакеттерді алатын 1 жастан 6 жасқа дейінгі 3216 бала бар. Қазір алушыларға қолайлы болу үшін азық-түліктер мен гигиеналық құралдарды тұратын мекенжайы бойынша беру сызбасы жасалып жатыр. Біздің өңірімізде кепілдендірілген әлеуметтік пакет алатын 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар саны - 5686. Олар оқу орны бойынша тегін тамақ ішуге, тегін мектеп формасы мен оқу жәрдемақысын алуға құқылы, сондай-ақ, қоғамдық көлікте жолақының 50 пайызын төлейді.
ҰСЫНЫЛҒАН ЖҰМЫСТАН БАС ТАРТСА, ОТБАСЫ АӘК-тен ҚАҒЫЛАДЫ
АӘК жаңа моделі туралы: көмек тоқсан сайын тағайындалады, оның мөлшері жан басына шаққандағы кіріс пен отбасының әр мүшесіне шаққандағы облыста белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық түрінде есептеледі. Отбасының материалдық жағдайын анықтау мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұзартылды. Учаскелік комиссиялар үшін отбасының АӘК тұтыну шарттары мен бас тарту себептері анықталды.
- Отбасының жұмысқа қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда отбасы мүшелерінің барлығы АӘК алу құқығынан айырылады, - деп атап өтті С.Шапкенов. – Бұл - отбасы аяғынан тұрып кеткенше берілетін уақытша ғана көмек, дегенмен, ересектер, жұмыс істеуге қабілетті азаматтар отбасының жағдайын жақсартуға өздері жұмыстануы керек. Біз ондай отбасылардың өкілдерін мамандығына қарай жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. Сондай-ақ, оларды арнаулы курстарда оқытып, басқа мамандықтарға қайта оқытамыз, егер олар жұмыс істегісі келмесе, онда көмек ала алмайды.
Бала күтіміне байланысты декреттік демалыстағы немесе мүгедек балаларды күтім жасап отырғандарға бұл ереженің талаптары қойылмайды.
Өткен жылы біздің облыста 39 мың АӘК алушыларға 4 млрд теңгеден астам ақша төленді. 1656 адамның көмек алуға тиіс еместігі анықталды. Олардың арасында салық қызметінің мәліметтері бойынша кірістері 2 млн теңгеге дейін жететін жеке кәсіпкерлер де бар екен. Олардың бір бөлігі заңсыз алған 24 млн теңгені кері қайтарды, тағы да 44 млн теңгені қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Егер көмекті алушы өз еркімен ақшаны қайтаруға келіспесе, онда оны сот арқылы өндіріп алуға міндеттейді.
ЖАУАПТАН СҰРАҚ КӨП
- Біздің облыста 33 мемлекеттік және 30 жекеменшік медициналық мекеме бар – олардың барлығы да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшуге толығымен дайын. Бұл жүйе медициналық қызмет пакетін кеңінен таратуға мүмкінік береді, мысалы, сақтандыруға қымбат тұратын КТ және МРТ кіреді. Бізде әлі де түрлі себептермен өз мәртебелерін анықтай алмай жүрген шамамен 3% азаматтар бар. Мен оларды тез сақтандыру жүйесіне қосылуға шақырамын, - дейді Серік Шапкенов.
Бұл әзірге оқырмандардың біраз сауалын туғызып отыр. Айталық, адам қашан МӘМС қатысушысы болады – жұмысқа орналасқан күннен бе әлде жұмыс беруші өз қызметкері үшін міндетті жарнаны аударған күннен бастап есептеле ме? Егер пациент маусымдық қызметкер болса, мысалы, тұрақты еңбекақысы жоқ шаруа қожалығында жұмыс істейтін болса қалай болады?
Баспасөз мәслихатында басқа да сорақы жағдайлар айтылды – жүктілігі тоқтап қалған әйелдер бір аптаға дейін іштегі өлген баламен өздерінің аурухана порталына берген тапсырысы рәсімделгенше жүруге мәжбүр болады екен.
Брифингте алғашқы қойылған екі сауалға нақты жауап болмады. Ал шұғыл жағдайларда порталға қатысты келеңсіздіктер жөнінде С.Шапкенов азаматтарға барынша белсенді болып, шағымдармен тиісті қызметтерге және әкімдікке, жеке өзіне хабарласуға шақырды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор