9 қаңтарда Өзбекстанның әскери соты сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері 68 жастағы Кодиржон Юсуповты "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша кінәлі деп тапты.
Юсупов 30 жылға жуық уақыт Өзбекстанның Австрия, Словакия, Ұлыбритания, Таяу Шығыс елдеріндегі елшіліктерде, ЕҚЫҰ өкілдігінде қызмет атқарған. 2002-2003 жылдары Өзбекстанның сыртқы істер министрлігін басқарды. 2009 жылы қызметінен кетті. Содан бері мемлекеттік қызметке араласпады.
Оның туыстары мен адвокаттарының айтуынша, Кодиржон Юсупов 1995 жылдан бері шизофренияға шалдыққан және оны мемлекетке опасыздық жасады деп айыптау негізсіз. Ол бірде ауруы асқынған кезде өзінің "батыс тыңшысы" екенін айтқан.
2018 жылы 3 желтоқсанда Юсупов Ташкент метросында "пойыздың астына түсем" деп өзін өлтіруге тырысқан. Туыстарының айтуынша, "суицидке барар алдында балаларына хат қалдырып, қатты стреске шалдыққанын айтқан".
Юсупов осы айда "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша қамауға алынып, содан бері тергеу изоляторында отырды. Сот жабық жағдайда өтті.
Юсуповтың туыстары Азаттықтың Өзбек қызметіне арнайы қызмет өкілдерінің бұрынғы дипломатты Ташкенттегі республикалық ғылыми шұғыл медициналық көмек орталығында емделіп жүрген жерінен алып кеткенін хабарлаған.
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Ташкентті Кодиржон Юсуповты дереу босатуға шақырған. Құқық қорғау ұйымы өкілдерінің дерегінше, қамауда болған кезде бұрынғы дипломатты қинап, адамдық намысын қорлайтын амалдар қолданған.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, қамауға алынғаннан кейін Юсуповқа адвокат таңдауына мүмкіндік бермеген, ал арнайы қызмет органдары Юсуповтың кенже ұлының көрші мемлекетке баруына кедергі жасаған.
Дереккөз: Азаттық радиосы