Бүгін ала таңнан Атырауда қар жауып бастады. Бір жағынан қыстың сәні енді кіргендей болса, келеңсіз жағы - қаланың ішінде көлік қозғалысы қиындап кетті.
«Арнаулыавтобаза» ЖШС баспасөз қызметі хабарлағандай, қызметкерлері ертемен жаяу жүргіншілер жолдарын тазалап, тұз себуді бастап кеткен. Ал көлік жолдарындағы қарды тазалау тіпті мүмкін емес. Жолда кептеліп тұрған көліктердің шеті көрінбейді. Оның үстіне орталық көпір де жабық.
Қазір қала көшелеріне 3 трактор қар тазалауға шыққан. Түсте оларға тағы үш трактор қосылды. Ең алдымен мектеп, балабақша жанындағы жолдар мен қиылыстар қардан аршылады. Барлық жұмыстар үзіліссіз атқарылады, кеште көліктер азайған мезгілде жолға тұз себіледі.
Қазір қала көшелерінде 156 жұмысшы мен 11 техника қар тазалау жұмыстарына тартылған. Соның ішінде 7 трактор, тиегіш, самосвал және екі құмсепкіш техника қызмет етуде деп хабарлады түстен кейін «Арнаулыавтобаза» баспасөз қызметінде.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА