Атыраулық бизнесмендер мемлекеттік органдар мен коммуналдық монополистердің өткен жылғы қорытындылары бойынша өздерінің антирейтингін жасады. Бұл рейтингтің көшбасшысы - «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өндірістік филиалы.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВТЫҢ айтуынша, өткен жылы бизнесті қорғауға қатысты 190 жазбаша арыз түскен, олардың басым бөлігі табиғи монополиялар тарифі мен жер қатынастарына байланысты арызданған.
– Өткен жылы «ҚазТрансГазАймақ» жергілікті филиалы тарапынан газ ақысының негізсіз есептелуіне қатысты кәсіпкерлердің көптеген шағымдары тіркелген. Мақат және Махамбет аудандарынан ұжымдық арыздар түсті. Монополист коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылармен жасалған келісімшарт талаптарына сәйкес, газдың бірде аз, бірде көп пайдаланылғаны үшін тұтынушылардан айыппұл төлеуді талап етті. Сонымен қатар, газшілер келісімшарт талаптарындағы тұтынушы міндетіне газ үшін алдын ала төлем жасауды, сондай-ақ, 10% мөлшерінде мәлімделген көлемде кем болғаны үшін түспеген пайданы төлеуді және артық пайдаланылған газ үшін қосымша 50% төлеуді енгізді. Тұтынушының шағымдары мен наразылықтары ескерілмеді, - дейді С.Жолдыбаев. Бұл мәселені шешуге қол жеткіздік, енді бизнесмендер тек іс жүзінде тұтынған газ үшін ғана төлейтін болады, ал газдың аз немесе көп болуына қатысты айыппұлдары мен аванс төлемдері алынып тасталды.
Жер қатынастары бойынша болған шағымдар пайдалы қазбаларды игеруге учаскелер беру кезінде заңнама талаптарының бұзылуымен байланысты болды. Кәсіпкерлер бұл сала бойынша жер берудің нақты ережелері жоқ деп шағымданды. Арыздарды қарау мерзімі ретсіз, адамдар бір учаскенің бірнеше заңды тұлғаларға берілу фактісімен де кездесіп отырған.
Құқық қорғау органдарының әрекеттеріне де шағымдар болды. Айталық, өткен жылдың мамыр айында «Иверия» ЖШС директорының атынан 250 мың теңге шамасындағы ауылшаруашылық өнімдерін заңсыз тәркілеген полиция департаменті қызметкерлерінің үстінен шағымданған арыз түсті. Полицейлер тәркілеу себептерін дүкен сатушысы мен директорына түсіндірмеген. Кәсіпкер ПД-ға арыз жазған және бұл туралы әлеуметтік желілерде жариялаған.
– Бұдан кейін Атырау облысы ПД ішкі қауіпсіздік басқармасымен бірге қызметтік тергеу жүргізілді. Тергеу қорытындысы бойынша полицейлер тарапынан дөрекі заң бұзушылық фактілері анықталды. Нәтижесінде Атырау қаласының жергілікті полиция қызметінің басшысы өз еркімен лауазымынан босатылды, ал 250 мың теңге шығын кәсіпкерге өтелді, - деп атап өтті ӨКП өкілі.
Сондай-ақ, өткен жылы Атыраудағы білім беру мекемелерін ыстық тамақпен қамтамасыз етумен айналысатын бизнес субъектілерінен ұжымдық арыз түсті. Онда олар қалалық білім беру бөлімі тарапынан асханаларды заңсыз тексеру жүргізілгендігіне шағымданған. Қалалық білім беру бөлімі басшысы орынбасарының мектеп басшылығын жоспарланған тексеру жөнінде хабарламағандығы анықталды. Сол үшін тиісті жазасын алды.
Кәсіпкерлер, тіпті, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2016 әскери бөлімшесінің әскери қызметшілері үстінен де шағымданды. Ауланған балық санын тексеру, балықшылардың таңертең теңізге шығуы және балық қабылдауға кешке дейін қайта оралуын міндетті түрде талап еткен әрекеттерін олар заңсыз деп есептеген.
2019 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің шағымы негізінде екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, тағы екеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, енді біреуі өз лауазымынан босатылды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА