Облыстық әкімдік «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы үшін құрылыс компаниясынан Нұрсая ықшамауданынан 1,3 млрд теңгеге бес қабатты кеңсе сатып алды. Бұл туралы ақпарат мемлекеттік сатып алу сайтында тұр. Ғимарат Мұз сарайының маңында орналасқан.
Нысанның төлқұжатында ғимараттың 2019 жылы пайдалануға берілгені көрсетілген. Жалпы ауданы 4,2 мың шаршы метр. Аумақта 56 көлікке арналған автотұрақ бар. Ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлме, ана мен балаға арналған бөлме, медицина кабинеті, 2 лифт және 44 кондиционер бар.
«АЖ»-ға мемлекеттік корпорация филиалының баспасөз хатшысы Нұрлыбек БАҚТЫҒАЛИҰЛЫ хабарлағандай, қазір компьютер жабдықтарын қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Деректер базасы қолжетімді болғаннан кейін №1 (Сәтпаев даңғылындағы) және №3 (Мемлекеттік кірістер департаментіндегі) халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңа ғимаратқа көшеді. №2 ХҚКО (Бірінші учаскедегі) бұрынғы орнында жұмыс істей береді. Бақтығалиұлының айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарын бір ғимаратқа біріктіру құжаттарды тіркеу, зейнетақы, жәрдемақы және жер кадастрын тағайындау функцияларын біріктірудің ұзақ мерзімді стратегиясына сай келеді.
Дегенмен, қоғамдық көліктер қаланың бұл бөлігіне көп мөлшерде адам тасымалдай ала ма? Өйткені қазір бұл бағытқа №30а маршруты ғана жүреді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ