Атырау ықшамаудандарындағы футбол алаңдарын жөндеу өткен жылы аяқталуы тиіс еді, алайда сапасына қала билігі қанағаттанбағандықтан, жұмыстар биыл жалғасады.
Өткен жылдың жазында қалалық ТКШ бөлімінің мамандары әлеуметтік желілердегі және облыстық әкімдіктің Telegram-чатындағы тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын талдай келе, күрделі жөндеуді қажет ететін 12 футбол алаңынан тұратын тізім жасады. Тізім мынадай: Сарқамыс ықшамауданындағы №13 және Т.Әлиев көшелерінің қиылысындағы алаң; Авангард-4 ықшамауданындағы үш алаң: №1, 3а және №17-18 үйлердің ауласындағы алаңдар. Привокзальный-3 ықшамауданындағы №3,14,15,16,17 үйлерге тиісті бір алаң. Привокзальный-5 ықшамауданында №25, 26, 31, және №7, 8, 22, №14,15, 28 және №20, 21 үйлер ауласындағы төрт алаң. СМП-136: №3, 4, 5, 6 үйлердің ауласындағы бір алаң. Огородный көшесіндегі №23 үйдің ауласындағы бір алаң және тағы бір Абай көшесіндегі №30 үйдің маңындағы алаң.
Күрделі жөндеуге 45,8 млн теңге бөлінді. Бұл ақшаға жалпы ауданы 430 шаршы метр болатын қоршау-торды ауыстыру, жерін тегістеу, топырақ және резеңке үгінділерін төгу, алаңға жалпы ауданы 9400 шаршы метр болатын жасанды көгал төсеу, металл қоршауды сырлау жоспарланған болатын.
- Тексеру барысында ТКШ бөлімінің мамандары қолданылған материалдардың сапасының төмендігін және атқарылған жұмыстың да шалалығын анықтады. Мердігерлер анықталған кемшіліктерді жойып, жөндеу жұмыстарын 2020 жылы аяқтайды деген шешімге келді, – дейді қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Аңсаған САҒЫНБАЕВА.
Бұдан басқа, биыл «100 аула» жобасының аясында қаланың тұрғын үй аудандарында балалар алаңдарымен бірге тағы да 5 футбол алаңы салынатын болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор