8 қаңтар күні таңда Орал қаласына кірер жолда полицейлер жүк салғышында шамамен бір тоннаға жуық қара балық тиелген Lexus автокөлігін ұстады. 34 жастағы оралдық жүргізуші балықты Атырау облысынан ешқандай құжатсыз алып келе жатқанын бірден мойындады.
– Заңнамаға өзгерістер енгізілгеніне байланысты енді мұндай құқық бұзушылықтар қылмыстық тергеуге жатады және нақты мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза тағайындалады, - деп хабарлады «АЖ»-ға БҚО ПД табиғат қорғау полициясының аға инспекторы Еламан ВАЛИЕВ.
– Бұл факт бойынша ҚР ҚК 196-бабы («Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тәркіленген атыраулық сазандар уақытша тоңазытқыш камераларына салынды. Кейін мемлекетке тапсырылады. Жол талғамайтын көлік арнаулы автотұраққа қойылды.
Фархат ӘБІЛОВ