Иран басылымдарының хабарлауынша, АҚШ-тың әуе шабуылдары кезінде қаза тапқан генерал Касем Сүлейманидің Керман қаласындағы қоштасу рәсімі кезінде ондаған адам қаза болып, жүздеген адам жараланған. Осыдан кейін генералдың жерлеу рәсімі кейінге шегерілді.
Мемлекеттік телеарналар Иранның жедел жәрдем қызметіне сілтеме жасап, генерал Касем Сүлейманидің туған жері Кермандағы жерлеу рәсіміне келген 56 адам аяққа тапталып, қаза болғанын хабарлады. Тағы 200-ден астам адам жараланған.
Ислам революциясы корпусының "Құдс" арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей бұйрық берген.
Ирандағы ISNA ақпарат агенттігі ел билігінің Сүлейманидің жерлеу рәсімін кейінге шегергенін хабарлады. Генералдың денесі қашан жер қойнына тапсырылатыны белгісіз.
Интернетте тараған видеоларды жолда өлі күйінде жатқан адамдарды көруге болады. Ондаған адам көмек сұрап, айғайлап жатыр.
Қара киінген, қолдарына Сүлейманидің суретін ұстаған мыңдаған адам 7 қаңтар таңнан бері Керманның орталық алаңына жинала бастады.
Жиналғандар алдында Ислам революциясы корпусының жетекшісі Хоссейн Салами сөйлеп, АҚШ-қа сес көрсетті.
"Кек қайтарамыз. Олар жақсы көретін жерлерді жоямыз. Олар қайда жүргендерін білетін болады" деді ол.
Салами сөзін аяқтаған сәтте жиналғандар "Израильге өлім!" деп айғайға басты.
Иранның сырттағы әскери операцияларын басқарған 62 жастағы генерал Сүлейманидің өлімі АҚШ пен Иран арасындағы жағдайды ушықтырып жіберді.
6 қаңтарда генаралмен қоштасу рәсімі Тегеран қаласында да болды. Жүз мыңдаған адам жиналған шарада Сүлейманиге Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи құран оқыған. Жаназадан соң жиналғандар "Америкаға өлім" деп айқайлаған. Тегерандағы қоштасу рәсіміне келгендердің саны жайлы ақпарат жоқ.
Дереккөз: Азаттық радиосы