5 қараша күні мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаментінде тұмаудың алдын алуға бағытталған баспасөз конференциясы болып өтті.
Департамент директоры Өмірзақ ЗИНУЛЛИНбүгінде облыс бойынша 10 мыңға жуық адам өткір респираторлық вирустық жұқпалы аурулармен тіркелгендігін айтып өтті. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда сәл төмендеу.
Медицина қызметкерлерінің болжамынша, тұмау ауруының эпидемиологиялық өсуі алдымыздағы желтоқсан айының екінші жартысында басталады.
- Облыс бойынша емдеу мекемелерінде 9900 адамда вирустық инфекция байқалған. Оның 72 пайызы балаларды құрайды. Бұл вирустық инфекцияға ең бейім топ, - дейді Ө.Зинуллин. - Өткен эпидемиологиялық маусымда екі жүкті әйел адам тұмаудың асқыну салдарынан қайтыс болды. Сондықтан, тұмауға жеңіл қарамай, ең қауіпті жағдайы асқыну түрлері екенін айтып, алдын алу ,сақтану шараларын ескертіп, вакцияна алу керектігін еске салғымыз келеді. Вирус тұмау қоздырғышы, ол өте өзгергіш. Әрі әр он жылда вирустың жаңа штамы пайда болады. Сондықтан, біз жыл сайын осы эпидемиологиялық маусымға вакцияна дайындаймыз.
ОблСЭС мамандарының айтуынша,биыл облыс бойынша 50 мың адам вакцинамен қамтылуы тиіс. Қазіргі күні 40 мың адам тұмауға қарсы вакцина алған. Олардың тең жартысы тегін егілген, яғни, бюджет қаржысына (балаларға, жасы 60-тан асқан жиі ауыратын денсаулығы нашар адамдарға және жүкті әйелдер мен иммундық жүйесі төмендетілген әлжуаз адамдарға) салынады.
Вакцина құны 2000 теңге тұрады. Департаментінің директоры орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, биыл вакцинацияға бюджет қаржысы жеткіліксіз бөлініп отыр. Белгіленген нормаға сәйкес, 20 мың адам емес, 38 мың адам тегін егілуі тиіс болатын.
Сонымен бірге, халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін маман иелеріне де егілуге міндет артылған. Мәселен, бұл мұғалімдер делік. Алайда, олар екпе процедурасынан өтпей отыр.
Баспасөз конференциясына қатысқан қаладағы емдеу мекемелері мен «Медицина» АҚ-ның өкілдері тұмауға қарсы вакциналар мен дәрі-дәрмектердің жеткілікті екендігін айтады.
Айнұр САПАРОВА