4 қаңтарда шамамен сағат 10.00-де Атырауда Сырым Датов көшесіндегі (СМП-136 ықшамауданы) бес қабатты үй пәтерлерінің бірінде өрт болды. Өрт сөндірушілер барлық подъезд тұрғындарын қауіпсіз жерге шығарды.
- Оқиға орнына №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесі келіп жеткен кезде, бесінші қабаттағы №30 пәтердің терезесінен түтін шығып жатты. Пәтер ішінен кілттеулі болған. Автосатының көмегімен терезеден кірген өрт сөндірушілер жатын бөлмеде көрпе жанып жатқанын көрген, ал келесі бөлмеден ес-түссіз жатқан орта жастағы ер адам табылды. Пәтер іші түтінге толған, - деп хабарлады Атырау облысы бойынша ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт сөндірушілер жапа шегушіні алып шығып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетті, кейін ауруханаға жеткізді. Қазір оның жағдайы тұрақты. Сондай-ақ, тұрғын үйден 27 ересек адам мен 8 бала қауіпсіз жерге шығарылды. Өрт сөндірілген соң олар өз пәтерлеріне оралды.
- Өрт сағат 10:00-де басталып, 10:03-те өшірілді. Өрттің шығу себебін мамандар анықтап жатыр, - деп мәлімдеді ТЖД баспасөз қызметі.
Фархат ӘБІЛОВ