Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесіп, бір-бірін келе жатқан Жаңа жыл мейрамымен құттықтады.
Екі президенттің әңгімесіне арқау болған негізгі тақырыптардың бірі - тараптар ұстап отырған адамдарды алмастыру мақсатында олардың тізімін келісу жайы болды. Соның ішінде Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінде қамауда отырған украиналықтар мен Ресейде түрмеде отырғандар туралы да сөз болған. Бұл туралы бүгін, 31 желтоқсанда Зеленский кеңсесі хабарлады.
Екі мемлекеттің басшылары Украина аумағы арқылы өтетін Ресей газы транзиті туралы 30 желтоқсанда қол қойылған келісімнің бекітілуін құптаған.
"Президенттер Жаңа жылға байланысты бір-бірін құттықтады. 2020 жылы Ресей мен Украина қарым-қатынасын дамытуды қолдайтындарын айтты" деп жазылған Кремльдің баспасөз қызметінің хабарламасында. Ресей тарабы телефон әңгімесі Украина жағының бастамасымен өткенін хабарлады.
29 желтоқсанда Украина мен Донбастағы ресейшіл сепаратистер тұтқын алмасқан. Сепаратистер 76 адамды босатқан, Украина 124 тұтқынды Киевке бағынудан бас тартқан аймаққа қайтарған. Киев сепаратистер қолында әлі 300-ге жуық адам қалып отыр дейді.
Биыл қыркүйекте Ресей мен Украина өздерінде қамауда отырған адамдармен алмасқан болатын. Ол жолы әр тарап 35 адамнан босатқан.
Кремль сайтының хабарлауынша, Путин мұның алдында Украина басшылығын соңғы рет 2013 жылы, Виктор Янукович президент болып тұрған кезде Жаңа жылмен құттықтаған.
Дереккөз: Азаттық радиосы