Атырау, 23 қараша 16:56
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тышқан жылы: қариялар не айтады?

Сурет Бейнежазба
22 195 просмотра


Зырылдаған уақыт жетегімен доңыз жылы артта қалып, Жыл басы - Тышқан есігін айқара ашты. Адамдар көнеден өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, уақыттың әр кезеңіне, әр жылға сипаттама беріп, болжам жасап отырған. «АЖ» бір топ индерлік ақсақалдарға жолығып, 2020 жылдан не күтетіндерін сұрады.

Алдымен, қазақтың жыл санауына қатысты ертегіні еске алайық.  Ертеде жануарлар жыл басы атына ие болуға таласып, әркім өзінің артықшылығын көрсетуге тырысады. Сонда тышқан тұрып: "Дауласатын дәнеңе жоқ, таңда күннің көтеріліп келе жатқанын кім бірінші көрсе, сол – жыл басы, одан кейін  көргеніміз кезекпен жылдың атын аламыз", - деп ұсыныс жасайды. Бұған келіскен жануарлар шығысқа көз тастап, күнді бақылаумен болады. Тышқан бойына сеніп маңғазданып тұрған түйенің басына шығып, күнді бәрінен бұрын көріп, жыл басы атанады. Ал түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты деседі...

Нәсіпқали САҒЫНОВ, ардагерлер  алқасының төрағасы, Елтай ауылы:

- Мен 26 жыл мал бақтым. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін кәсібімді балаларым жалғастырып жатыр. Тышқан жылы маған ерекшелігімен есте қалатын жыл. Өйткені мен тышқан жылында дүниеге келдім, алғаш еңбек жолымды 1972 жылы комсомолдық жолдамамен мал бағуды бастасам, сүйікті қызым 1984 жылы дүниеге келді. Жалпы, тышқан жылы туғандардың мінезі тік, алғыр, бастаған ісін аяғына жеткізетін мол жауапкершілікке ие болады деседі. Шыдамсыздық, қырсықтық сияқты жағымсыз қасиеттері де бар екен. Көп жыл мал баққан кездегі тәжірибеме сүйенсем, тышқан жылы келгенде жазғытұрым жауын-шашын мол болып, мал тоқ болады деп қуанушы едік. Малға жайлы қыс болды, қар қалың болмады.


Тасқали ТЕМІРБОЛАТОВ, зейнеткер:

- Жалпы тышқан жылының ерекшелігіне тоқталсам, доңыздың күзінде жаңбыр аз түсті, көктемде дәл осы қайталанса, онда жазымыз қуаңшылық болуы мүмкін. Себебі совхозда еңбек еткен кездеріме оралсам, 1984 жылы қатты қуаңшылық болып, мал азығын көрші Қызылқоға ауданынан дайындағанымыз есімде қалыпты. Ал 1996 жылы мен еңбек еткен «Амангелді» совхозы тарап, бар мүлкі үлеске түсті. Бастапқыда қиындау болып, малмен отырып қалғандар да, дорба арқалап саудаға бет бұрған кездер де болды. Дегенмен қыстағында отырып қалған малшылар шаруашылығын дамытып, малды өз төлі есебінен өсірді. Дегенмен, бұл жыл жаман болады деп есептемеймін, еңбек еткен адамдардың жағдайы жақсы болады.


Қайырлы ҚҰСАНОВ, зейнеткер:


- Тышқан жылының қысы да, көктемі де, жазы да біз үшін қолайлы болғаны есімде. Бұл жыл молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың жылы деп саналған.  Осы жылдары Қазақ хандығы құрылды, Қанжығалы Бөгенбай батыр дүниеге келді. Жаңа жылымыз – 2020 жыл құт пен береке жылы болсын!




Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

31 желтоқсан 2019, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.