Бүгін, 30 желтоқсан күні, Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ активке Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы – Байтолла ҒАЗИЗОВТЫ таныстырды.
Б. Ғазизов 1967 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Ақтөбе медицина институтын бітіріп, еңбек жолын Атырау облыстық ауруханасында дәрігер-интерн болып бастаған. 1993-2006 жж. Құрманғазы және Индер аудандарында отбасылық дәрігерлік амбулаториялардың меңгерушісі, 2006-2011 жж. Құрманғазы туберкулезге қарсы ауруханасының бас дәрігері, Құрманғазы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері, 2012-2017 жж. Атырау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы, 2017 жылдан бүгінгі тағайындауға дейін Атырау облысы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) филиалының директоры қызметтерінде болды.
- Байтолла Ғазизовтың Денсаулық сақтау саласында, оның ішінде басшылық лауазымдарда көп жылдық еңбек тәжірибесі бар. Ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде жұмыс істеді – жалпы, осы саламен жақсы таныс. Бұл қызметте де өзінің кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетеді деп үміттенеміз, - деп атап өтті облыс әкімі. Өз кезегінде Ғазизов тәжірибесін өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға бағыттайтынына сендірді.
Естеріңізге сала кетейік, 18 қазан күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА отставкаға кетті. Ал, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ Аймұрзиеваны Атыраудағы денсаулық сақтау саласындағы дау-дамайлардан кейін қызметінен босатуды ұсынған болатын.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА