Атырау облысы полиция департаменті полицейлердің тікұшақтан мотоциклмен қашқан браконьерлерді ұстағанын хабарлады.
ПД баспасөз қызметі Ми-8 тікұшағында тек полицейлер ғана емес, балық қорғау қызметкерлері де болғанын мәлімдеді.
- Полиция департаменті қызметкерлері балық қорғау қызметкерлерімен бірлесе отырып, тікұшақпен Каспий теңізі жағалауын аралап ұшу кезінде мұз үстінде мотоциклдерді көреді. Олар балық аулауға тыйым салынған аймақта болған. Координаттары құрлықтағы полиция қызметтеріне жолданды, содан кейін полицейлер жедел түрде Каспийдің солтүстік бөлігіндегі Каменный жарты аралына жетіп, сеңге тірелген мотоциклдің үш иесін ұстады. Олар қала маңындағы ауылдардың бірінің тұрғындары болып шықты. Мотоциклдер қалаға әкелініп, айыппұл тұрағына қойылды, - делінген баспасөз релизінде.
Қысқасы, тікұшақпен қуғандарға жеткізбеген қашқындарды Табиғат ананың өзі құрықтады.
Фархат ӘБІЛОВ