Бүгін, 20 желтоқсанда, Атырауда жаңадан салынып жатқан Республика алаңында тутұғыр құлады. Қатты желден 91 метрлік темір құрылым қақ ортасынан сынып кетті.
Атырау облысының баспасөз қызметі болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын айтып, ақпаратты растады.
- Болған оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылды. Флагшток ТШО қаражаты есебінен салынып жатыр, құрылыс әлі аяқталған жоқ, нысан балансқа қабылданбаған, - дейді «АЖ» тілшісіне Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік АМАНОВ. - Тексеру қорытындысы бойынша кінәлілерге шара қолданылады. Адамдар да, техника мен сәулет нысандары да зардап шеккен жоқ. Қалпына келтіру жұмыстарын мердігер өз есебінен жүргізеді.
«Kastador» ЖШС мердігер мекемесінің директоры Айдын ӘЛМҰХАМЕТОВТЫҢ айтуынша, орын алған оқиғаның болжамды себептерінің бірі дәнекерлеп қосқан жерден сынып кеткен.
- Тутұғыр 8 секциядан тұрады, әр секция болттармен тартылып бекітіледі, алдын ала тексерген кезде дәнекерлеп қосқан жерден сынғаны белгілі болды. Тутұғыр Түркия елінде жасалған, бізге дәнекерленген дайын өнім жіберген болатын. Біздің ойымызша, бұл өндірістік ақау болды, - деді Айдын Әлмұхаметов.
Тутұғыр Атырау облысының оң жағалауында Құлманов-Молдағұлова-Жангелдин-Пушкин көшелерінің қиылысында салынып жатыр. Дәлірек айтсақ, «Isker» бизнес орталығының жанындағы үлкен автотұрақ пен ТШО-ның көгал алаңының артында. Нысанның құрылысына жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен 2,5 млрд теңге бөлінген.
Қазір тутұғыр құрылысы монтаждау жұмыстары кезеңінде. Нысанды осы жылдың соңында тапсыру жоспарланған еді.
Фархат ӘБІЛОВ
Сурет пен бейнежазбаны түсірген куәгерлер