Көрші Орал мен Нұр-Сұлтанда қоқыс шығару компаниялары тарифті екі не үш есе көтеруге ұсыныс берген. Бұл қызмет тарифінің өсуін атыраулықтарға да күтуге бола ма?
- Астаналық коммуналдық қызмет өздерінде тарифтің 8 жылдан бері өзгермегенін алға тартты. Ал бізде 2006 жылдан бері бір айға -120 теңге болып келді, тек осы жылдың жазында ғана өзгертілді. Бұған қоса көппәтерлік үйлер үшін керісінше, 3 теңгеге төмендетілсе, жеке сектор үшін аздап қана 6 теңгеге өсті. Ал Оралда бүгінгі күні тариф адам басына тиісінше 193, 196 теңге, - дейді Арнаулы автобазадағылар.
Коммуналдық қызметкерлердің айтуынша, олардағы жағдай оралдық әріптестерге ұқсас екен. Ол дизельді отынның қымбаттауы және заңсыз шағын қоқыс алаңдарынан мәжбүрлі қоқыс шығару кәсіпорынның өз есебінен жүргізілуіне байланысты.
- Айталық, қараша айында біз Атамбаев көшесіндегі тек осындай бір ғана қоқыс орнынан 140 тонна қоқыс шығардық, ал сол айдың ішінде 9 қоқыс орнын жойдық, оның 6 Водников поселкесінде орналасқан. Жұлдыз ықшам ауданындағы бір үлкен қоқыс орнында 9 желтоқсаннан 19 дейін жұмыс жасадық. Ол жерде 205 тонна қалдық жиналған. Ешкім де жұмысшылардың еңбегін, техниканың тозатынын, отынға кететін қосымша шығындарды ескермейді, - дейді «Арнаулы автобаза» ЖШС директорның санитарлық тазалық жөніндегі орынбасары Ұзақ ТОСАЕВ.
Менің сұхбаттасым сондай-ақ, тұрғындар санының артып жатқанын және соған сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі де артатынын айтты. Атырау маңындағы елді мекендер үнемі өсіп келеді, бұдан басқа қызмет көрсету аймағына жақында Махамбет ауданының екі селосы – Алмалы мен Береке кірді.
- Иә, соңғы 10 жылда бірнеше рет теңгенің құнсыздануы болғанмен, біздің қызмет ақысы өзгерген жоқ. Демек, бізге объективті тариф қажет, ал оны өсіре ме жоқ па, ол бізге байланысты емес. Айтарым, біз өз тарапымыздан бұған қуаныштымыз да, - дейді Ұ.Тосаев.
Қоқысты шығару қызметі ақысының мониторингі ең төменгі баға Ақтауда (105 теңге) екенін көрсетті. Алайда оларда қалалық санитарлар қызметін атқаратын үш бірдей компания бар. Екінші орында біздің Атырау келеді. Көппәтерлік үйлер үшін 117 теңге, ал жеке сектор үшін 126,18 теңге. Ал ең қымбат қала Алматы болып шықты: онда 553 теңге. Қалалық қоқыс орнындағы жүктемені азайту үшін биыл Атырауда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды бастады. Айтпақшы, сұрыптау шығындарын да «Арнаулы автобаза» тариф есебімен жабу керек деп санайды.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор