Фейсбукте жарияланған Жайық өзеніндегі мұз астынан көрініп жатқан бірнеше өлі балықтың бейнежазбасы Атырауда дүрбелең туғызды, әлі ұмытыла қоймаған өткен жылғы экологиялық апатты ескерсек, бұл заңды шығар. Шынымен де бұл сұмдық тағы да қайталанғаны ма?
Біз облыстық жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман МОЛДАШЕВҚА хабарластық.
- Бүгін таңертең біз экология департаменті, «Қазгидромет», «Балық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер және полицейлермен бірге АМӨЗ су тоғаны ауданына барып, айналаны қарап шықтық. 17 дана өлі балық - 15 қылышбалық, 1 табан, және 1 мөңке - таптық. Су сынамасы алынды, балықтарды «Балық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығына және ветеринарлық зертханаға жібердік. Балықтар зақымданған, болжам бойынша, ұзақ уақыт браконьерлік торда жатып қалған іздері бар.
Молдашев ахуалдың инспекция бақылауында екенін айтты.
Түстен кейін «АЖ» тілшілері Жеңіс саябағына қарама-қарсы Перетаска каналы басталатын жердегі Жайық бойын қарап келді. Өзен бетіндегі мұз әлсіз, ойықтар бар. Мұз үстінен аумақтық жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлерін кездестірдік, олар өлі балықтардың бар екенін айтты.
- Өзенде өлі балықтар бар, бірақ шоғырланған балықтар көрінбейді, - дейді олар.
Шынында да, мұз астынан өлі балықтар көрінеді, көбі қылышбалық - 20-25 данадай.
Инспекциядағылар хабарлағандай, 4 келіден астам жиналған балық ветеринариялық тексеруге жолданған.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба