Қытайдағы аз ұлттардың құқығын қорғаумен танымал болған, "сепаратизм" бойынша өмірлік түрме жазасына кесілген құқық қорғаушы Ильхам Тохтыға берілген Еуроодақтың адам құқығы бойынша жүлдесі оның қызы Джухер Ильхамға тапсырылды.
18 желтоқсанда Страсбургте өткен Еуропарламенттің марапаттау рәсімінде сыйлықты тапсырған Еуропарламент төрағасы Давид Сассоли Тохтының 2014 жылдан бері Қытай түрмесінде отырғанын айтты. Оның айтуынша, Тохты ұйғырлардың үнін әлемге жеткізуге көп үлес қосқан.
Ал Джухер Ильхам "Қытайда ұйғырлардың бостандығы жоқ" екенін айтып, халықаралық қауымдастықтың Қытайды Шыңжаңдағы саясаты үшін айыптап отырғанын жеткізді.
Халықаралық ұйым дерегі бойынша, Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында жабық мекемелерде шамамен миллион этникалық ұйғыр мен өзге де аз ұлт өкілдері қамауда отыр.
Пекин бұл мекемелерді "кәсіптік білім беру орталықтары" деп атайды, алайда белсенділер "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінің" білім беру орнынан гөрі түрмеге көбірек ұқсас екенін, онда азаптау мен қысым барын айтады.
Дереккөз: Азаттық радиосы