18 желтоқсанда кешке ҚР премьер-министрі Асқар МАМИН жергілікті активке Атырау облысының жаңа әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТЫ таныстырды.
Жиында алдымен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысының бұрынғы әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫ ҚР Энергетика министрі етіп тағайындау туралы Жарлығы оқылды. Үкімет басшысы Ноғаевтың мұнай-газ аймағын дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, оған әкім лауазымындағы жұмысы үшін алғысын білдірді. Содан кейін Мамин жаңа әкімді – соңғы уақытқа дейін энергетика вице-министрі қызметін атқарған Махамбет Досмұхамбетовты таныстырды. Премьер-министр оны мұнайшылар әулетінен шыққан жақсы ұйымдастырушы ретінде және аймақтағы жағдайды жете білетінін атап өтіп, оған да жаңа қызметте табыс тіледі.
Ақсақалдардың атынан ардагер Есен ТАСҚЫНБАЕВ сөз алып, Нұрлан Ноғаевқа атқарылған жұмыстары үшін алғысын айтты. Атыраулықтардың атынан ол премьер-министрден Жайықтың тайыздануы мен балық қорының азаюы секілді маңызды мәселелерге назар аударуды сұрады.
Одан кейін Нұрлан Ноғаев сөз алып, қатысушыларға, бұрынғы әріптестеріне, қызмет басшыларына, сондай-ақ барлық атыраулықтарға алғысын білдірді.
- Біз көптеген жұмыстар мен бағдарламаларды жүзеге асырдық. Менімен бірге қызмет еткендеріңіз үшін үлкен рахмет! Жұмыс бабында ренжіткен кезім болса, кешірім өтінемін. Бәріміз бірге әрі қарай да еліміздің игілігі үшін жұмыс істейтін боламыз деп үміттенемін, - деді бұрынғы әкім. Оның сөзіне қатысушылар қошемет көрсетті.
Жаңа тағайындалған әкім М.Досмұхамбетов өзіне Атырау облысын басқару құрметі бұйырғанын және өзіне жүктелген үмітті ақтау үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨМІРБАЯНЫ: Махамбет Жолдасқалиұлы Досмұхамбетов 1960 жылғы 25 желтоқсанда Атырау облысына белгілі мұнайшы Досмұхамбетовтер әулетінде дүниеге келген. Оның әкесі Жолдасқали КСРО-ның құрметті мұнайшысы. Сіңірген еңбектерінің қатарында 1979 жылы Теңіз мұнай-газ кенішінің ашылуы бар.
И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтын (1983 ж.) «Геология және мұнай мен газ кен орындарын барлау» мамандығы бойынша, Қазақ мемлекеттік заң университетінің Бизнес-мектебін тәмәмдап (2016 ж.), іскерлік әкімшілендіру магистрі атанды.
Еңбек жолы:
- «Ембімұнай» ӨБ Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының геологы, аға геологы, бас геологы (1983-1989);
- «Ембімұнай» ӨБ Доссор мұнай-газ өндіру басқармасының геология бөлімінің бастығы (1989-1990);
- «Ембімұнай» ӨБ Мақат мұнай-газ өндіру басқармасының бас геологы (1991);
- «Мұнай» БК, «АНАКО» АҚ бас геологы (1991-1996);
- «Ес-Бол» ЖШС директорының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары (1996-1997);
- «Ембімұнайгаз» АҚ геология бөлімінің бастығы, «Қазақойл» ҰМК ЖАҚ директордың орынбасары, геология департаментінің директоры (1997-2002);
- «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ Геология және өңдеу департаментінің директоры (2002);
- «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ Қолданыстағы келісім-шарттар мониторингі департаменті директорының орынбасары (2002-2003);
- «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ БК Үлестерді басқару департаменті директорының орынбасары (2003-2004);
- «ҚазМұнайГаз» БӨ АҚ Геология және өңдеу департаментінің директоры (2004-2006);
- «Қазгермұнай» БК ЖШС Бас директорының орынбасары - бас геолог (2006-2009);
- «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының геология және өңдеу жөніндегі орынбасары (2009-2012);
- «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары, басқарма мүшесі (11.2012-09.2013);
- «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры, Басқарма төрағасы (09.2013-01.2015);
- «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының ірі жобалар бойынша орынбасары, Басқарма мүшесі (01.2015 - 11.2016), қоса атқарған қызметі - ТШО серіктестік кеңесінің төрағасы, «ҚМГ Қарашығанақ» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы, «KMG Kashagan B. V.» директорлар кеңесінің басқарушы директоры;
- ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары (2016 жылғы қарашадан бастап).
1997 жылы Атырау облысындағы Шығыс Мақат кен орнын алғашқы ашушы.
«ҚР жер қойнауын барлаудың үздігі» (2003), «ҚР жер қойнауын құрметті барлаушы» (2005) атақтары бар. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, ҚР ЭМРМ, KAZENERGY қауымдастығының, Маңғыстау облысы әкімінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Құрмет грамоталарымен, «Маңғыстау мұнайына 50 жыл» мерейтойлық белгісімен, KAZENERGY қауымдастығының медалімен марапатталған, ҚР Мұнай және газ министрлігінің, ҚР Премьер-Министрінің, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ алғыс хаттарымен марапатталған.
Жаңа әкімнің отбасы туралы оның үш баласы бар екені белгілі. Үлкен ұлы мен қызы жоғары техникалық білім алып, Атырау облысындағы ірі мұнай компанияларында еңбек етеді.