Атырау, 28 наурыз 18:00
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Атамбаев "Адам өлтіру" бабы бойынша күдікке ілінді

2 586 просмотра


Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Альфа" арнайы жасағы командирінің орынбасары Усенбек Ниязбековтің өлімі бойынша күдікке ілінді.

13 желтоқсанда Қырғызстан ішкі істер министрі Қашқар Жунушалиев Атамбаевты "Адам өлтіру" бабы бойынша күдікке ілінгені туралы хабардар еткенін айтты.

7 тамызда арнайы жасақ пен полиция Кой-Таш ауылына арнайы операция ұйымдастырып, Атамбаевты тергеуге әкетпек болған. Кой-Таштағы үйінде бекініп алған Атамбаев пен оның жақтастары орган өкілдерімен атысқан. Атыс кезінде Усенбек Ниязбеков оққа ұшқан еді.

ІІМ Жунушалиевтің сөзінше, сараптама кезінде Ниязбековке Атамбаевтың атына тіркелген мылтықтан оқ тигені анықталған.

8 тамызда Атамбаев тілшілерге Қой-Таштағы резиденциясында өзінде ғана мылтық болғанын, арнайы жасақпен атыс кезінде оқты өзі атқанын айтқан.

Елдің ІІМ Атамбаевты бірнеше ауыр қылмысқа айыпты деп танылып, ұзақ жылға сотталған Азиз Батукаевты 2013 жылы түрмеден заңсыз босатуға байланысты істе тергеуге шақырылған. Бірақ Атамбаев тергеуге барудан бас тартқан. Кейін арнайы жасақ операция ұйымдастырған. 8 тамызда Атамбаев полицияға берілген.

8 тамызда Қырғызстанның күштік құрылымдары Алмазбек Атамбаевты ұстады. Кейін Атамбаевқа "тәртіпсіздіктер ұйымдастыру", "заңсыз қару айналымы", "тергеуге кедергі жасау", "кепілге адам алу", "кісі өлтіру" және "адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша 14 айып тағылып, қамауға алынды.

Қазір сот жүріп жатыр. Атамбаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Дереккөз: Азаттық радиосы

14 желтоқсан 2019, 15:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.