ҚР Ұлттық Банкінің Атырау облыстық филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВТЫҢ пікірінше, атыраулықтар несиені тым көп алады.
- Біздің халық несиені жақсы көреді. Облыс бойынша жалақы жоғары болғанымен, несиені көп алып жатыр. Барша тұтынушыларға несиені үй салуға, қор сатып алуға, бизнес ашуға алыңдар, бірақ тұтыну мақсатында алмаңдар дегім келеді, – дейді Құлбарақов. - Биылғы жылғы 1 қазанда облыс банктерінің несиелері бойынша жалпы берешектер 191,6 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдағы қазан айымен салыстырғанда 20,6%-ға өскен.
Жақында ғана ҚР Ұлттық банктің төрағасы Григорий МАРЧЕНКО заң бойынша банктер мен қаржылық ұйымдардың пайыздық өсімі 56 пайыздан аспауы керектігін баса айтқан болатын:
- Кейбір банктерде жылдық үстемақы 80 пайызға дейін жеткен, ал шағын несие беру ұйымдарында 150 пайызға дейін жетіп отыр. Біздің ойымызша, бұл – тұрғындарды тонау, - деді еліміздің бас банкирі.- Кейбір адамдар ойланбастан несиеге кіреді. Отбасының барлық табысы қарызды өтеуге кетсе, немен өмір сүреді. Сонда не үшін дейсіз ғой, үлкен плазмалық теледидар немесе басқа да бір тұтыну жабдығын алу үшін. Меніңше, оларсыз да өмір сүруге болатын сияқты.
Ұлттық банктің облыстық филиалы директоры Қ.Құлбарақовтың айтуынша, 56 %-дан асып жығылатын несие беруші қаржылық мекемелер Ұлттық Банктен тыс жұмыс атқарып жатса да, алдағы уақытта Ұлттық банкке есепке тұруы керек.
Айтолқын ҚҰЛШАРОВА