12 желтоқсанда облыстық мәслихаттың 37-сессиясы болды. 2020-2022 жылдарға арналған бюджет туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Айдар НҰРАЛИЕВ баяндама жасады. Оның айтуынша, 2019 жылғы 1 желтоқсандағы есепте облыс бюджеті 302 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ алдағы үш жылда бұл сан тек өседі деп жоспарланып отыр, яғни, 2020 жылы 382,5 млрд теңге, 2021 жылы - 398,8 млрд теңге, 2022 жылы – 416,1 млрд теңгені құрайды.
Сессияда Атырау облысы экология департаментінің басшысы Абай САФИННІҢ есебі тыңдалды. Оның айтуынша, ауа бассейніне шығарылатын шығарындылардың 85%-ы мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші саланың еншісінде. Ал атмосфераға тарайтын шығарындыларға лимит күшеюде: егер 2017 жылы бұл көрсеткіш 580 мың тоннаны құраса, 2018 жылы оны 110 мың тоннаға қысқартты, ал биыл тағы да 95 мың тоннаға азайтылды.
2019 жылы «Қазгидромет» РМК станцияларының ауа сапасын тексеру барысында жоғары деңгейлі 717 факті және төтенше жоғары ластанудың 54 фактісі тіркелді. Төтенше жоғары ластанудың ең жоғарғы деңгейі Квадрат булану алаңы мен Сасық сайда орын алады. 2021 жылы Сасық сай жабылады, ал кейін АМӨЗ бұл нысанды тазарту және құнарлылығын қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Ауа айтарлықтай таза болады, - деп сендірді Сафин. Жыл басынан бері департамент 99 тексеру жүргізіп, 285 экологиялық заңдылықтардың бұзылуын анықтады. 2 млрд 415 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұл цифрлар, әрине, қызықты, бірақ облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ сөйлеген кезде жұмыстарын сынға алып, осыдан 4 күн бұрын қаладағы сасыған иістің анық АМӨЗ жақтан шығып тұрғанына қарамастан Сафиннің кінәліні нақты атай алмағанын тілге тиек етті. Әкім, сондай-ақ, ауласында бірде-бір ағашы жоқ коттедж салушыларды сынай сөйлеген депутат Орынғали ҚАРШЕГЕНОВТІ қолдады.
- Бәлкім, біреулер бір ағаш экологиялық жағдайды жақсарта қоймайды деп есептейтін болар, алайда әрқайсымыз отырғызсақ, көбейеді ғой.
Ноғаев облыстың қазіргі 3 жылдық бюджетінің 71%-ы әлеуметтік салаға бағытталатынын атап өтті. Жекелей алғанда, бұл қалалық және ауылдық жолдардың, әлеуметтік нысандардың құрылысы, аз қамтылған отбасы балаларының, оның ішінде жоғары сынып оқушыларының ыстық тамақпен қамтамасыз етілуіне қаржы бөлінбек.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ