Ұлыбританияның Консерваторлар партиясы мерзімінен бұрын өткізілген парламент сайлауында жеңіске жетті. Дауыс беру учаскелерінің шыға берісінде жасалған сауалнама нәтижелері осындай.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Дауыс беру учаскелері мектеп, шіркеу, қалалық және аудандық мэрия ғимараттарында, тіпті киім жуатын орындарда да ашылған. Жұмыс күні болғанына және жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан британиялықтар сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасады.
Бір қызығы сайлаушылардан құжат талап етілмейді - өз есімі мен мекен-жәйін айтса жетіп жатыр. Бар мәлімет - базада. Сонымен қатар азаматтардың пошта арқылы алдын-ала дауыс беру құқығы бар. Британиялық сайлау комиссиясы учаске ішінде камераға түсіруге рұқсат етпейді - дауыс беру құпиялылығын сақтау маңызды. Сондықтан, мысалы, естелікке селфи де жасай алмайсыз. Бұдан бөлек, сайлаушылар учаскеге үй жануарларын ертіп келе алады. Азаматтық борышын өтеп жатқан адамның итін учаске қызметкері қарап береді. Жалпы, таңдау жасау оңай болмаған сыңайлы.
БЛИЦ:
- Меніңше, Борис Джонсонның биліктегі партиясы жеңіске жетеді. Өйткені оның жақтастары көп. Жеке өзім мұны қаламас едім. Халықтың пікірінше, Лейборшылардың көшбасшысы Джереми Корбиннің саясаты өміршең емес.
- Мен Лейборшылар партиясына дауыс бердім. Меніңше, консерваторлар билікте көп уақыт отыр және біз мұны өзгертуіміз керек. Менің ойымша, еліміз ЕуроОдақ құрамында қалуы тиіс. Өйткені Брексит жақсылыққа апармайды.
Таңғы жетіден түнгі онға дейін Англия, Уэльс, Шотландия және Солтүстік Ирландияның 650 округінде учаскелер жұмыс істеді. Жалпы сайлау соңғы бес жылға жуық уақыт ішінде үшінші рет өтіп жатыр. Exit poll нәтижелері белгілі – Консерваторлар партиясы көп дауыс жинады. Егер ресми мәліметтер бұл болжамды растаса, консерваторлар елді ЕуроОдақ құраманынан бұрын жоспарланғандай 31 қаңтарда шығара алады. Нақты мәліметтер Нұр-Сұлтан уақыты бойынша бүгін түстен кейін сағат 3-те белгілі болмақ.
Дереккөз: 24.kz