Атырау, 24 сәуір 18:53
 ашықВ Атырау +13
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Нан мен ет қымбаттауы мүмкін

2 882 просмотра


Биылғы он бір айдың қорытындысы бойынша республиканың бес өңірінде азық-түлік едәуір қымбаттаған екен.

Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) жаңа талаптардың күшіне енуіне байланысты Қазақстанда ет пен нан қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы бүгін ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қысқа мерзімдегі кезеңде ЕАЭО-да жаңа талаптарды енгізу аясында азық-түліктің кейбір түрлері, атап айтсақ, дәнді-дақылдар мен сүт өнімдері бағасының өсуі нәтижесінде ет пен нан қымбаттауы мүмкін", - деді Досаев үкімет отырысында.

Он бір айдың қорытындысы бойынша республиканың 5 өңірінде азық-түлік едәуір қымбаттаған. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, бағаның ең көп өсуі Алматы (15,2%-ке), Атырау (14,9%-ке), Нұр-Сұлтан (14,2%-ке), Қарағанды (13,7%-ке), Қостанай (13,6%-ке) және Жезқазған (13,4%-ке) қалаларында байқалды.

"Жергілікті атқарушы органдарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бағаны бекіту және оның сақталуын бақылау, сондай-ақ азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын пайдалану тетіктері бар", - деді Дәленов.

Төрт өңірде инфляция дәліздің жоғарғы шегінде қалыптасқан. Олар: Атырау облысы (6,1%), Маңғыстау облысы (6,0%), Қарағанды облысы (5,9%) және Шымкент қаласы (5,9%).

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қымбаттауына әкімдіктерді кінәлады. Айтуынша, жергілікті атқарушы органдарда бағаны шекті мәннен асырмау үшін барлық тетік бар. Министрлік талай рет ескерту жасаған, жауапқа тартқан. Бірақ құлақ асар ешкім жоқ.

"Жыл басынан біраз әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының 10 проценттен жоғары өскенін байқап отырмыз. Бағаны ұстап тұруға жергілікті атқарушы органдарда барлық мүмкіншілік бар. Алайда жыл басынан бері 66 позиция бойынша баға 15%-тен көп өскен. Бірде бір жағдайда тиісті міндеттемелер орындалмағанын көріп отырмыз. Бұл туралы жергілікті атқарушы органдарға өткен айда да айтылды, жауапқа тартылды. Бірақ нәтиже жоқ", - деді Сұлтанов.

Министр жыл соңына дейін тағы да тиісті тапсырмалар беріліп, шаралар қабылданатынын айтты.

Дереккөз: Sputniknews.kz

13 желтоқсан 2019, 10:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.