Мақат ауданына қарасты Доссор кентінің мыңға жуық тұрғыны бар «Бірлік» ықшамауданын орталықпен темір жол бөліп тұр және бұл өркениеттен бөліп тұрған шекара іспеттес. Мұнда көлік жүретін жол жоқ, автобус қатынамайды, таксилер келмейді, көшелер жарықтандырылмаған. Тез ауысатын Доссор кенті әкімдері жол, жарық, су мәселелерін шешуге уәде бергенімен, жасауға үлгере алмай қалатын сияқты.
- Қаншама рет мұңымызды айтып бардық, келесі жылы қарастырамыз деп арқамыздан қағып, шығарып салады. Бірақ одан ештеңе өзгеріп жатқаны шамалы. Оның үстіне кент әкімі тұрақтамайды, келген әкім уәде береді, келесіде барсаң, басқа адам отырады, - дейді Бірлік тұрғындары.
Осы ықшамауданнан 500 метр жерде кенттің қоқыс алаңы бар.
- Қоқыс алаңы көбіне өртеніп жатады, түтін иісінен демалудан қалдық, полигон қоршалмағандықтан малымыз сол жерге барып, түрлі зат жеп, уланып жатыр, - дейді тұрғын Өтеміс МЫРЗАҒАЛИЕВ.
Ықшамауданда саябақ бар. Ол да иесіз қалған. Тұрғындар бірлесіп, тал отырғызып, қоршап қалыпқа келтіруге тырысқан. Бірақ суарарға су жоқ.
- Мұнда кенттің мыңдаған халқы тұрады, бірақ оларға жағдай жасауды билік басындағылар ұмытқан. Осы біздің кент әкімі кім еді, қашан бұл жаққа келіп, жағдайымызды біледі? - дейді тұрғын Дәурен ЖҰБАНИЯЗОВ.
Доссор кенті әкімі Асылбек ӘБІЛҒАЗИЕВ:
- 2020-2021 жылдарға кентішілік автокөлік және жаяу жүргінші жолдарына күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр, бұған «Бірлік» ықшамауданының жолдары да кіріп отыр. Жарықтың да мәселесі шешіледі. Ал саябаққа келсек, жер учаскесін 2018 жылы заңдастырып, әкімдік теңгеріміне алдық, ал нысанды қоршау жұмыстары үш жылдық 2020-2022 жылдар жоспарына енді. Автобус маршрутын шешу оңай емес, дегенмен қарастырып жатырмыз. Қоқыс күнделікті мәселе болып тұр. Қоқыс алаңын сенімгерлікпен басқаруға алған мекеме бар, солар жауап береді.
Иә, әкім тағы сөз берді, болашақта орындалып қалар. Мүмкін осы әкім үлгерер.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор