2019 жылғы 1 қаңтардан бастап сол кездегі Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздің басқа аймақтарымен қатар Атырауда да су, жылу, газ және электр энергиясына коммуналдық тарифтер төмендетілген болатын. Электр қуатының тарифі бір айдан кейін ғана төмендеді. Себебі «Атырау Энергосату» ЖШС басшылығы алдымен өздерінің көрсетіп отырған қызметтің арзандауына қарсы шығып, сотқа жүгінгенімен, ештеңеге қол жеткізе алмады.
Ал 9 айдан кейін энергетика министрлігі электр станцияларының электр қуаты бағасының шегін арттырған бұйрық шығарды, олардың қатарында Атырау ЖЭО-да бар. Көп күттірмей хабар да келді – Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің мәліметі бойынша, «Атырау Энергосату» ЖШС департаментке бағаны көтеруді жоспарлап отырғаны туралы ескерту хат жолдапты.
Монополист 2020 жылғы1 қаңтардан бастап 1 квт/сағ үшін келесі бағаларды енгізуді ұсынды (жақшада қолданыстағы тарифпен салыстырғанда өсім көрсетілген): орташа өткізу тарифі - 15,61 теңге (18,3%), жеке тұлғаларға – 5,99 теңге (37,7%), басқа тұлғалар – 18,91 теңге (10,6%), ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу өндірісі мен «Атырау су арнасы» КМК – орташа өткізу тарифі.
Бұл ретте «Атырау Энергосату» электр қуатын өткізудің жоспарланған көлемі 2 млрд.130 млн. квт/сағатты құрайды. Болжамды кіріс - 16 млрд 817 млн теңге. Монополистің өтінімі бойынша қоғамдық тыңдау шамамен 18 желтоқсанда өтеді. Монополияларды реттеу комитеті өз шешімін 28 желтоқсанда жариялауы тиіс.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ