Жаңа жылдың басында реанимобиль паркі жаңа көліктермен толықпақшы – бұл туралы «АЖ»-ға «Атырау облыстық жедел медициналық көмек станциясы» КМҚК директоры Ерлан СҮЙЕУҒАЛИЕВ хабарлады.
- Қазір біздің балансымызда 94 реанимобильді көлік бар, оның 24 тозып, пайдалануға жарамайды, ал 26-сы күрделі жөндеуді қажет етеді. Әрине, мұның бәрі біздің жұмысымызға кедергі, - дейді Е.Сүйеуғалиев. – Биыл жергілікті бюджеттен 5, ал республикалық бюджеттен 22 жаңа көлік сатып алуға қаржы бөлінді. Олар Атырауға 2020 жылдың бірінші тоқсанында келеді.
- «Жедел жәрдем» қызметкерлерімен кезекшілікте болғанымда мен орталық станция ғимаратының ескі және күрделі медициналық қызметке аса қолайлы емес екендігіне назар аударған едім...
- Иә, Атыраудың ЖМК орталық станциясы ескі жабдықталған ғимаратта орналасқан. Алмагүл мен Нұрсаядағы екі қосалқы станцияда да сондай жағдай. Қалада да, аудандық бөлімшелерде де жұмыс істеуге және демалуға бөлмелер жетіспейді, барлық жерде жөндеу жүргізу керек. Дегенмен, алдағы уақытта орталық станция мен екі қосалқы станцияға жаңа ғимарат салу жоспарланып отыр.
- Санитарлық авиация қандай шақыртулар кезінде қолданылады?
- Санавиция ауыр науқастарды аудандардан жеткізуде және қала сыртындағы жолдарда орын алған ЖКО кезінде жедел көмек көрсету үшін қолданылады. Осы жылдың 9 айында санавиация қызметі 69 рет көрсетілді.
- Кадрларға қатысты жағдай қалай?
- Атырау облысы бойынша әрбір ауысымда 47 бригада қызмет көрсетеді. Жалпы кадрлар жиынтығы – 88%. Бұл мәселені шешуге тырысып келеміз, айталық, өткен жылы 78 маманды жұмысқа алдық, олардың 54-і Атырауда, 24-і аудандарда қызмет етуде. Келер жылы аудандарда қосымша 4 бригада ашуды жоспарлап отырмыз.
Фархат ӘБІЛОВ