Атырау, 22 қараша 13:18
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Қарағандыда «Бесобадағы» үйлерді қабылдаған шенеуніктерге қатысты сот басталды

2 130 просмотра
ҚАРАҒАНДЫ. 6 қараша. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласындағы Қазыбек би атындағы сотта «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі үйлерді қабылдаған шенеуніктерге қатысты екі қылмыстық істі қарау басталды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Бір қылмыстық іс бойынша сотталушылар - Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Виктор Иванов пен облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы бас маманы Дәулет Алтынбеков. Олар «Бесобада» опырылып құлаған № 7 үйді (суретте) қабылдаған еді. В.Иванов мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы, Д.Алтынбеков - оның орынбасары болды.

Сол алдында сондай-ақ Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Сергей Гребенщиков пен облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы бастығы Татьяна Гук жауап беруде. Олар «Бесоба» ТК-гі  апатты деп танылған №№ 5, 6 үйлерді қабылдау бойынша мемлекеттік комиссияны басқарды.

Жоғарыда аталған төрт адам ауыр зардаптарға әкеліп соқтырған қызметтік өкілдіктерін асыра пайдалану (ҚР ҚК-нің 307 бабындағы 4 бөлім) бойынша айыпталуда.

Тергеу нұсқасы бойынша, «тұру қауіпсіздігі үшін көрінеу жарамсыз нысандар» қабылданды, ал мемлекеттік қабылдау комиссиясының басшылары «өздерінің қызметтік міндеттерін мемлекет мүддесіне қарсы, өздері және басқа тұлғалар үшін пайда және артықшылық табу мақсатында пайдаланды». Айыптау қорытындысында мәлімденгендей, сотталушылар келтірер зиян  туралы білген, бірақ «өздерінің міндеттерін қасақана орындамады». Алайда, сотталушылардың ешқайсысы өз кінәсін мойындамай отыр.

Тергеу мәліметтері бойынша, бір қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде 122 пәтер иесі, екіншісі бойынша - 112 пәтер иесі танылды. Бұдан басқа, Қарағанды қаласының әкімдігі жәбірленген тарап болып табылады, өйткені ТЖ-ды жоюға жергілікті бюджеттің қаражаты жұмсалды.

Екі қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер өздерінің материалдық шығынын 2,5 млрд. астам теңгеге бағалады. Алайда шығынды төлету туралы азаматтық істер тиісті түрде толтырылмағандықтан, әзірше сотта қаралмайды. Атап айтқанда, жауап беруші, яғни шығынды нақты өтеуі тиіс адам аталған жоқ. Жәбірленушілерге азаматтық істердің кемшіліктер жойылған соң қаралатыны түсіндірілді.

ҚР ҚК-нің 307 бабы 4 бөлімі бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған және белгілі бір қызметтерді атқаруға немесе белгілі бір іспен айналысу құқығы шектеледі.

Естеріңізге сала кетейік, 6 сәуірде Қарағандыдағы «Бесоба» ТК-дегі 5 қабатты үйдің 4-кіреберістік блок-секциясы опырылып түсті. Бұл үй үш жыл бұрын үлескерлердің қатысуымен салынған еді. Бұған дейін, аталмыш тұрғын үйде 1 сәуір күні негізгі құрылыс конструкциялары бұзылған болатын. Апатты үйден 138 адам көшірілді. Қарағанды әкімдігінің 3 сәуірдегі өкімімен үйге ТЖ тәртібі енгізілді.

ТЖ салдарынан болған шығын 545,3 млн. теңгеге бағаланды. Соның ішінде жойылған пәтерлердің бағасы 328,8 млн. теңге болды.

Үйдің опырылып құлауы фактісімен құрылысшыларға, жобалаушыларға, мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүргізген қызметтік тұлғаларға қатысты төрт қылмыстық іс қозғалды. Сот санкциясымен Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасарлары Виктор Иванов пен Сергей Грибенщиков, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьев қамауға алынды.

Қазіргі кезде зардап шеккен үлескерлерге қала билігі жаңа үйлер берді. Осы екі арада «Бесобадағы» басқа барлық тұрғын үйлер апатты деп танылды. Бүгінде бүкіл кешенді түгелімен бұзып, оның орнында жаңа көпқабатты үйлер салу жоспарланған.

Бұл үйдің құрылысымен айналысқан «Сервиспромснаб» ЖШС-нің директоры Андрей Маляновқа қатысты қаржы полициясы үлескерлерді алдау фактісімен қылмыстық істі тергеуде. Алданған жұрттың ақшаларын алып қашқан компанияның басшысына іздеу жарияланды.

Дереккөз: inform.kz

6 қараша 2012, 16:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.