Жақында әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап берілетін жаңа жәрдемақыны алу үшін көп балалы аналар құжаттарын осы жылдың 5 желтоқсанына дейін тапсырып үлгеруі тиіс деген ақпарат тарады. Соның нәтижесінде ХҚКО мен әлеуметтік төлемдерді есептеу орталықтары (бұрынғы МЗТО) адамдарға лық толып, ығы-жығы күйге түсті. Барлығы да үлгеріп қалуға тырысты.
Біз Ведомствоаралық әлеуметтік төлемдерді есептеу орталығы облыстық филиалының директоры Гүлмира ЕСҚАЛИЕВАМЕН байланысқа шықтық. Ол 5 желтоқсанға дейінгі мерзім туралы ақпаратты жоққа шығарды:
- Бұл олай емес. Құжаттарды тапсырудың нақты мерзімі жоқ. Көпбалалы аналар құжаттарын кез келген уақытта, тіпті, қаңтар айында да тапсыра алады, қай уақытта төлесең де, төлем жыл басынан есептеліп төленеді. Басты талап – барлық балалар мен аналар бір мекенжайда тіркелген болуы тиіс.
Бұл жерде әңгіме 2018 жылғы 1 қаңтардан бүгінге дейінгі кезеңде көпбалалы атанған (яғни, төртінші бала өмірге келген) және соған сәйкесті жәрдемақы алу құқығы бар отбасылар туралы екендігін түсіндіре кету керек. Ал, қалған көпбалалы аналар үшін құжаттар тапсырудың қажеті жоқ, 2020 жылдың 1 қаңтарынан басталатын жаңа ереже бойынша есептеулер олар үшін автоматты түрде жүргізіледі.
Еске сала кетейік, осы жылдың 7 қазанында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ жаңа жылдан бастап енгізілетін АӘЖ көрсетудің жаңа механизмімен таныстырып, мемлекеттің шын мәнінде көмекке зәру жандарға, оның ішінде бірінші кезекте балалар мен көпбалалы отбасыларға берілетінін атап өткен еді. Мемлекеттік көмек пакетіне көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек, табысы төмен отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмек енгізілген.
Көпбалалы отбасыларды қолдау барысында келесілер қарастырылған: егер бұрын 4 немесе 5 баласы бар отбасылар барлық бала үшін бір айда 10 500 теңге, ал, 6 не одан да көп баласы бар жанұяға шамамен 16 мың (барлығына) алып келсе, енді көлемі өскен жәрдемақы нақты түрде балалар санына байланысты болады.
Сонымен, 4 балаға 42 500 теңге, 5 балаға 53 125 теңге, 6 балаға 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаға 74 375 теңге алады. Демек, балалар кәмелет жасына жеткенше әр балаға 10-11 мыңнан келеді. Егер бала орта арнаулы оқу орындары немесе ЖОО күндізгі бөлімде оқитын болса, 23 жасқа дейін мемлекеттік жәрдемақыны алады.
Жаңа жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан тағайындалады. Бірақ, АӘК тағайындау барысында ол енді отбасы табысының бір бөлігі болып ескеріледі.
Нақты мысал келтіріп көрелік. Алты адамнан тұратын отбасы (төрт бала) – әкесі жұмыс істеп, айына 100 мың теңге табады. Отбасының әрбір мүшесіне 16 600 теңгеден келеді – бұл кедейлік деңгейінен төмен, тиісінше, бұл отбасы үлкендерге 4100 теңгеден және балаларға 20 700 теңгеден АӘК алып отырды. Барлығын қосқанда 91 000 теңге атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал келер жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасы табысына 100 мың теңгенің үстіне 42 500 теңге қосылады, осылайша, әрбір отбасы мүшесіне 23 750 теңгеден келеді. Ал бұл кедейшілік деңгейінен жоғары көрсеткіш. Демек, отбасы АӘК алуды тоқтатады.
Жалпы, әлеуметтік жәрдемақылардың жаңа механизмі «жалған» АӘК алушылардың санын қысқарту үшін енгізілуде – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер бұл көмекті алу үшін адамдар әртүрлі айла-шаралар қолданылғанын айтып отыр. 2020 жылдан бастап АӘК тағайындау үшін отбасының әрбір мүшесінің табысы бұрынғысынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болуы тиіс. Ал келесі жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңгені құрайды. Сонда егер отбасының табысы әр мүшесіне шаққанда 21 800 теңгеден төмен болса – АӘК тағайындалады, егер одан жоғары болса, жоқ.
Ал кепілдендірілген әлеуметтік пакет шеңберінде аз қамтылған отбасылар балаларға арналған тамақ, гигиеналық құралдар алады, оқушылар үшін тегін тамақтану, мектеп формасы мен оқу құралдары, жолақы және медициналық қызмет көрсету шығындарын өтеу көзделген. Кепілдендірілген пакет баланың жасына қарай шамамен 5-10 мың теңгеге тең келеді.
Г. Искалиеваның берген ақпаратына сай, Атырау облысында 4-5 баласы бар 11 мыңға жуық отбасы бар, сонымен қатар 10 мыңға жуық әйел «Күміс алқа» (6 бала), «Алтын алқа» (7-8 бала) және «Ана даңқы» (тоғыз және одан да көп бала) медалімен марапатталған.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА