Әлеуметтік желілерде Атыраудағы Ә.Молдағұлова көшесінде жол полицейлерінің бір адамды қарсылығына қарамастан арнайы көлікке күштеп отырғызып жатқаны көрсетілген бейнежазба тарады. Бастапқыда желі қолданушылар іздеуде жүрген қауіпті қылмыскерді ұстап жатыр деп түсінген, ал шын мәнінде ол әкімшілік құқық бұзған болып шықты.
Атырау облысы полиция департаменті хабарлағандай, 1 желтоқсанда сағат 14.00 шамасында «Такси» жедел-алдын алу шаралары барысында полицейлер күдік туғызған «Лада-21703» автокөлігін тоқтатқан. 31 жастағы жүргізуші куәлігі мен көліктің құжаттарын көрсетпеген. Кейін құжаттарының жоқ екені анықталды. Бірақ ол соған қарамастан полиция бөліміне барудан бас тартты және полицейлерге оны күштеп апаруға тура келді.
Полиция заң бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 612 бабы 1-2 бөлімдері (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы), 230 баптың 2 – бөлімі (Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу) және 667 баптың 1-бөлімі (Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша - 3 бірдей хаттама толтырылғандығын айтты. Көлік айыппұл тұрағына қойылды.
«Такси» жедел-алдын алу шаралары барысында полицейлер такси жүргізушілері тарапынан болған 79 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның 11-і армян және ресейлік нөмірлі көліктер.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор
Бейнежазба әлеуметтік желіден алынды