Әлеуметтік желілерде Атыраудағы Жилгородок ықшамауданында сотқарлыққа тән қылықтарын камераға түсірген екі жасөспірімнің бейнеролигі пайда болды. Балағат сөздер айтқан жас «әзілкештер» тұрған көліктердің үстінен аттап секіріп, әлдебір кеңсе ішіндегі қызметкерлерді терезе сыртынан келеке етіп, ішкиімі қалғанша шешініп, төбесінен сүтті ақтара төгіп, түрлі әрекеттер жасайды. Бұлар №8 орта мектептің 16 жастағы оқушылары болып шықты.
- Иә, біз жасөспірімдердің кім екенін анықтадық. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін №1 қалалық полиция басқармасына жеткізілді, - деп хабарлады ҚПБ. – Роликте қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ. Бірақ ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБК-тің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша хаттама толтырылды.
Оқушылар әлеуметтік желіде танымал болу үшін осылай жасағандарын айтты. Өздерінің бұл әрекеттерінің жақсы еместігін түсінсе де, құқыққорғау органдарына дейін жетеді деп еш ойламаған екен.
Осыдан кейін жасөспірімдер әлеуметтік желідегі роликті және жеке парақшаларын жойған.
Фархат ӘБІЛОВ
Әлеуметтік желілерден алынған бейнежазба