4 желтоқсанда Атырауда алғашқы қар жауды. Қалалықтардың әлеуметтік желідегі парақшалары суреттер мен құттықтауларға толып кетті. Таксистер бірден бағаны көтере қойды, коммуналдық қызметтер көшелерді тазалауды бастады, ал, полицейлер қозғалысты реттеуге шықты.
Атырау облысының әкімдігі коммуналдық қызметтің транспорттық-техникалық паркі қысқа толығымен дайын екендігі туралы баспасөз-релизін таратты. Айталық, «АрнаулыАвтобаза» ЖШС 42 бірлік қар жинайтын техника 300 текше метр құм, 400 текше метр тайғақта шашатын тұзды ерітіндімен қамтамасыз етілген.
ТЖД барлық республикалық және облыстық тас жолдарда жүргізушілер үшін суықтан жылынуға 57 арнаулы орын дайын екендігін хабарлады.
- Бұл орындар дәрі қобдишасы және бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлікпен қамтылған. Бүгінгі күні жеке құрамның 663 қызметкері және 283 бірлік техника төтенше жағдайларға дайын, - дейді ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері Ерсін МӘЖИТОВ.
«АЖ»-ға хабарлағандай, Атырау облысы полиция департаментінде өткен тәулік ішінде 14 ұсақ ЖКО тіркелген, оның 13-і Атырау қаласында орын алған.
- Мұны ауа райымен байланыстырудың қажеті жоқ. Барлық ЖКО бойынша зардап шеккендер болмағанымен материалдық шығындар бар, - деп хабарлады ПД баспасөз-қызметі.
Ал ТЖ желісі бойынша «қысқы» оқиғалар орын алды. Кеше таңертең Каспий теңізінің Забурын шығанағының жағалауына орналасқан Исатай ауданының Зинеден селосының 10 балықшысы мұз астынан балық аулауға шығып, қалың жауған қардың салдарынан жағалауға жете алмаған. Балықшыларға ТЖД, полицейлер мен шекарашылар көмекке барды, бірақ, құтқарушылардан бұрын жергілікті тұрғындардың өздері тауып алды. Дәрігерлік көмекке ешкім мұқтаж болмады.
Фархат ӘБІЛОВ