Жуырда Тараз қаласында мектеп жанындағы әжетханада болған жантүршігерлік оқиға – оқушы қыздың зорлануы - ешкімді бей-жай қалдырмады. Осыдан кейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ мектеп сыртында орналасқан әжетханаларды жою жөнінде шұғыл тапсырма берді, алайда мұны барлық жерде орындау мүмкін емес сияқты. «АЖ» тілшісі Индер ауданындағы бірнеше мектепті аралап қайтты.
Аудан орталығынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Көктоғай ауылындағы Б.Нысанбаев орта мектеп ғимаратының ішінде де, ауласында да әжетхана бар. 1990 жылы ағаштан салынған әжетхананың күйі кеткен. Бейне бақылау құрылғыларының барлығы бірдей жұмыс істемейді екен.
- Мектеп ішін, сырт аумағын көрсететін 34 камера бар, бірақ бәрі ескірген, кейбірі істемеді,- дейді мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Дүйсенбі ӨТЕПҚАЛИЕВ. – Мектеп ішіндегі әжетхана тұрақты жұмыс істеп тұр, далада да бар, балалардың қайда барса да өз еркі.
Біздің «егер қажет болмаса, даладағы әжетхананы неге сүріп тастамайды» деген сұрағымыз жауапсыз қалды.
Өрлік ауылындағы Қ.Абақанов орта мектебінде 513 оқушы, 65 мұғалім бар. Біз барғанда мектеп ғимараты ішіндегі әжетхананың есігі құлыптаулы болды. Мектеп директоры Мағиса ИБРАШЕВА төменгі қабаттағы әжетхананың есігін аштыртып:
- Үш күннен бері кәріз суы шұңқыры (септик) толып кеткендіктен жауып қойдық. Аудан орталығынан су соратын көлік сұратып жатырмыз. Балалар уақытша даладағы әжетханаға барып жүр. Уақытша ғой.
Біз оқушыларды сөзге тарттық.
- Балалар қай әжетханаға барып жүрсіңдер, даладағыға ма, іштегі ме?
- Апай, іште жоқ қой, біз ана даладағы «ақ» әжетханаға барып жүрміз. Бірақ іші жаман, иісі сасық, лас.
Оқушыларға арналған әжетхана 30 жыл бұрын салынған екен. Ал иісі...
Есбол ауылында үш мектеп бар. Жамбыл, Есбол, Қ.Есқалиев орта мектерін аралап шықтық. 1937 жылы салынған Есқалиев атындағы және Есбол орта мектептерінде ішкі әжетханалар қарастырылмаған. Есбол мектебінде әжетхана қағазын балалар үйінен тасиды.
- Ғимаратқа су келіп тұрғанымен канализация жүйесі қарастырылмаған. Тіпті балалар қол жуған суды шелектеп далаға тасып отырмыз, - дейді Есбол орта мектебінің директоры Асхат ТІЛЕКҚАБЫЛОВ. - Тараздағы оқиғадан кейін әжетханаларды ішке салуды ойластырып жатырмыз. Осы желтоқсанда аудандық мәслихат сессиясынан кейін қаржы бөлінеді деген.
Елтай ауылындағы М.Сиранов атындағы орта мектептің бастауыш сынып оқушылары оқитын ғимаратта су болмағандықтан, әжетханалар жұмыс жасамайды. Мектеп директоры Сәбит ЕШМҰХАМБЕТОВ су тарту жұмысы жүріп жатқанын айтты. Ал бейнекамералар мәселесіне келсек, бәрі тозған, ауыстыру үшін тапсырыс беріпті.
Индер аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша ДІЛМҰҚАШЕВА аудандағы 15 мектепке ішкі әжетхана салуға және бейнекамеларды ауыстыруға бюджеттен қаржы қаралатынын айтты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор